Елордада мереке қарсаңында гүлге сұраныс артты
Ер-азаматтар гүл мен сыйлық алып жүр. Анасы мен жары, әпке-қарындастарын, қызметтес аруларды құттықтау үшін құшақ-құшақ гүл көтерген ер-азаматтар көп. Елордада да гүл саудасы қызып тұр. Қазір қаладағы гүл сату орындарында ұзынсонар кезек.
Азамат Әбілқайыр, тілші:
- Мереке қарсаңында елордадағы гүл сататын дүкендердің біршамасын аралап көрген едік. Байқағанымыз былтырғыға қарағанда гүлдердің бағасы өскен. Бірақ оған қарап жатқан жігіттер жоқ.
Иә, мұны сатушылардың өздері де растап отыр. Ер-азаматтар жағы гүлдің бағасына қарап жатқан жоқ. Қазір бас шаһардағы гүлдердің бағасы аспандап тұр. 15 мың мен 350 мыңның аралығында.
Шолпан Бөкенбаева, сатушы:
- Бір тұтынушы мені таңғалдырды. Ол 505 дана раушан гүлін сатып алды. Одан кейін 1,5 метрлік раушан гүлінен 205, 303 данадан да алып жатты. Бұрынғымен салыстарғанда қазір қыздарға өте көп гүл сыйлайды. Жігіттер ешқандай ақшасын аяп жатқан жоқ.
Бірақ елімізде сатылып жатқан гүлдерден түскен пайда өзгенің қамбасына құйылып жатқанын да ескеру керек. Саудагерлер: «Гүлдің көбіне сырттан келуінің бір себебі – жергілікті өнімнің қымбат болуы», – дейді. Мысалы 2019 жылы гүлдер импорты 9,2% өсіп, 42 млн долларға жеткен. Қазақстан көбіне гүлді Голландия, Эквадор, Колумбия мен Кениядан тасымалдайды.
Елімізде сатылатын гүлдердің тек 25% ғана өз жерімізде өсіріледі. Экономист Арман Байғановтың айтуынша, осы саланы дамыту үшін Үкімет арнайы бағдарлама әзірлеуі керек. Себебі елімізде гүл өсіргеннен гөрі импорт бағасы 5 есеге арзан түседі.
Арман Байғанов, экономист:
- Ең басты мәселе – шығынның көп болуы. Жылу, электр жарығымен қоса, тіпті ел ішіндегі логистика бағасы жоғары. Мұның бәрі кәсіпкер үшін арзан түспейді. Сондықтан гүлді Голландия сияқты шетелден әкелген 5 есеге арзан түседі. Елімізде гүл бизнесі дамуы үшін әр аудан орталығында осындай жылыжай болуы керек. Өнім өзімізден болып, саны көбейсе, бұл да мемлекет үшін тиімді. Ол үшін Үкімет жүйелі түрде осы саланы қолдау керек.
Отандық гүл өсірушілерді қолдасақ, қазынаның бір жыртығы сөзсіз жамалар еді. Дегенмен жергілікті шаруалар да қол қусырып қарап жатқан жоқ. Арасында өз өнімдерін экспортқа шығарып жатқандары да бар. Былтыр гүл экспорты 15,5% төмендеп, 10,8 млн доллар болды.
Авторлары: Азамат Әбілқайыр, Мейрамбек Ахмаханов