Хабар телеарнасы

Шымкенттегі коронавирус індетін жұқтырған азамат Нұр-Сұлтаннан келген

Ол Нұр-Сұлтан қаласынан Шымкентке қалааралық автобуспен келген. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы қанағаттанарлық және онымен байланыста болғандар да оқшауландырылған.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Шымкентте COVID-19 диагнозымен алғашқы жағдай тіркелген болатын. 24 жастағы жігіт 20 наурызда Нұр-Сұлтаннан Шымкентке автобуспен келген.

Науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Дәрігерлерден білгеніміз, індетті жұқтырған азамат әуелі басы ауырып, ыстығы көтеріліп, жөтел пайда бола бастаған соң жергілікті емханаға барған. Сосын ақ халаттылар науқасты жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызды. «Қазір онымен байланыста болған отбасындағы туған-туыстары мен қалааралық автобуста бірге болғандар да анықталып  оқшауландырылған», – деді қаламыздың бас санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев.

Әбдіманап Төлебаев, қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау депаратаментінің басшысы:

- Онымен байланысқан адамдардың барлығы толық анықталды. Олар оқшауланып, үйінде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда сол елді мекенге карантин жарияланады. Бұл дүрбелеңге салатын нәрсе емес. Бұл жағдайдың барлығы қала әкімдігі тарапынан және министрлік тарапынан толық бақылауда.

Шымкентте COVID-19 инфекциясымен күрес күшейтіледі. Қазір қалада 60-қа жуық адам карантинде екенін айта өтейін. Әлемді дүрбелеңге салған пандемиялық індет өңірде белең алған жағдайда қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасында 170 орын дайындалған. Провизорлық 680 төсек-орын карантинге жатқызылған науқастар үшін әзір. Ал шаһардағы барлық нысан мен қоғамдық көлік, тіпті аялдамалар да санитарлық талапқа сай дезинфекцияланып жатыр.