Түркістанда тұтас ықшамаудан сусыз, газсыз және жолсыз отыр
Ауызсу мен көгілдір отын тартылмай, жолы салынбаған аумақ тұрғындары жергілікті билікке базынасын талай рет жеткізгенімен, атқамінерлер міз бақпайтын көрінеді. Коммуналдық игілікті тұтынар күн жақын ба?
Бекзат Саттарханов атындағы қаладағы басты көшеге жапсарлас орналасқан шағын ауданға сегіз жыл бұрын көшіп келген Мұратбек Тұраров ауызсудың азабын тартып келе жатқанын айтады. Көрші-көлем бірігіп, өз күштерімен ұңғы қазып, суды құдықтан тартып ішіп отыр екен.
Мұратбек Тұраров, қала тұрғыны:
- Қазір құдығымыздың да суы тартылып жатыр. Өйткені көгалдандыруға 500 метр сайын артезиан қазылған. Сол қосылғаннан бері құдықта да су болмай, судан да тарылып жатырмыз.
Сусап отырған жұртты жолдың жайы да мазалайды. Ауа райы құрғақ кезде шаңы аспанға көтерілетін сүрлеулермен жауынды күні жүру тіпті мүмкін емес. Иленген балшық белуардан келеді. Бұл аумақта жарық та жоқ еді, электр бағаналарын тұрғындар өздері жүргізіп алды.
Ермек Сейдахметов, қала тұрғыны:
- 2008 жылдан бері әкімдік тарапына өтініш жазудамыз. «Қаралып жатыр, келесі жылдың бюджетіне саламыз», – деп қайтарады. 2020 жылы өтініш жазып барсақ: «Былтыр неге жазбадыңдар?», – дейді.
Инфрақұрылым тартылу жайын білмекке қалалық ТҮКШ бөліміне бардық. Бірақ әкімдік мамандары мардымды жауап айта алмады.
Нұрсұлтан Жарасов, қалалық ТҮКШ бөлім басшысы:
- Жобаға сәйкес 1,5 млрд теңге сома қажет. Оны қаланың немесе облыстың бюджеті көтермейді. Сондықтан біз оны республикалық бюджетке ұсынамыз. Егер республикалық бюджеттен ағымдағы жылы қолдау тауып, қаржыландырса, құрылысын осы жылы бастаймыз. Немесе 2021 жылға қалдырса, келесі жылы құрылысын бастап, 100% ауызсумен және сапалы электр қуатымен қамтамасыз ететін боламыз.
Ықшамауданға асфальт төселетін күн де белгісіз. Сала мамандары: «Алдымен су құбыры тартылады, артынан жол төсеуге кірісеміз», – дейді. Сондықтан тұрғындарға сабырмен күтуге тура келеді.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Рауль Ғабитов, Ерболат Әбішов