Қазақстандықтар табысының 45% азық-түлікке жұмсайды
Өткен екі айда рекордтық көрсеткішке жеткен өнімнің бағасы 3,6% түскен. Халық коронавируспен күресте лимоннан келер пайданың аздығын енді түсінген секілді. Есесіне алма қымбаттап кетті. Өткен мамыр айында оның бағасы 9% артқан. Онда да көбі – импорт. Соған қарамастан Ауыл шаруашылығы министрлігі батыл болжам жасап отыр. Олардың айтуынша, Қазақстан 2024 жылға дейін алма импортынан толығымен бас тартады. Ал бағбандардың мұңы мүлдем басқада. Олар қазір еккен өнімін күзде қалай және қайда сақтарын білмей әзірден алаңдап отыр.
Лимоннан миллион. Жетісайлық бағбан 10 соттық жылыжайда лимон егіп, бір жылда 5 млн табыс тапты. Әрбір түп 40 келі өнім берген. Коронавирустық пандемияға байланысты лимонға деген сұраныс күрт артты. Бірақ вируссыз-ақ лимоннан миллиондар табуға болады. Осыны білген бағбандар келер жылы егіс алқабын 50 соттыққа дейін жеткізбек.
Мұратбек Жұмабек, шаруа қожалығының басшысы:
- 2016 жылы отырғыздық. 2018 жылы өнім бере бастады. 2019 жылы 5 тонна өнімін алып, Ресейге апарып, келісін 800 теңгеге саттым. Тағы бір 10 соттық жылыжай қостым. Қатарына тағы бір 15 соттық жылыжай қосу жоспарда бар.
Қазақстандықтар табысының 45% азық-түлікке жұмсайды. Жақында жүргізілген зерттеулердің нәтижесі осы. Бұл біздің отандастар көп тамақ ішеді деген сөз емес. Азық-түлік қымбат. Тағы бір жаз келді, жеміс-жидек молайды, бірақ арзандаған жоқ. Бір ғана мысал: мамыр айында алма 9% қымбаттап кеткен. Оның өзінде өзіміздікі емес.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Польша, Бельгия, Қытай, Иран. Сөрелерде өзге елдің өнімдері. Польшадан келген алманың келісі 600-ден, Бельгиянікі 700-ден басталады. Молдова мен Қытайдан тасымалданған алманың келісі – 800 теңге. Сатушылар қазақстандық алманың саудаға түспегеніне біраз болғанын айтады. Алқаптан сөреге дейін жетпей қалған өнімнің себебін бағбандардың өзінен сұрадық.
Әлтаир Досымбек, агроном:
- Біз өз өнімдерімізді күзде, яғни жаңа жылға дейін сатып болдық. Себебі бізде оны сақтайтын қоймалар жоқ. Бір қойманың құны – 1,5 млн АҚШ доллары. Кредит алайық десек, 3 млн АҚШ долларының кепілін сұрайды.
Әлтаир Досымбек – тәжірибелі агроном. 2013 жылдан бері отандық алма, алмұрт, шие мен қараөрік өсірумен айналысып келеді. Оның ойынша, отандық бағбандарға мемлекет тарапынан көмек керек, әйтпесе бәрі бекер.
250 мың тонна қырыққабаттың дауын әлі ешкім ұмыта қоймаған шығар. Алқаптағы шу астанаға дейін жетіп, Үкіметте талқыланды. Келісін 10 теңгеге өткізе алмаған оңтүстіктің орамжапырағы ақыры Беларуське жөнелтілді. Проблеманың түбі қойманың тапшылығында.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бізде көкөніс сақтайтын қоймалардың тапшылығы шамамен 70%, ал кей өңірде 90% жетеді. Қазір ел бойынша 1 млн 900 мың тонна көкөністі сақтайтын 1 250 қойма бар. Ал бізге ең кем дегенде сыйымдылығы 2,8 млн тонна қойма қажет.
Әлтаир Досымбек, агроном:
- «ҚазАгроФинанс» беріп жатыр. Бірақ жарна сұрайды. Жанар-жағармай бағасы өсіп барады. Өнімнің өз бағасының 30% – жанар-жағармайдың құны.
Жеміс-жидектің бағасы жазда да неге арзандамайтын болды? Экспорттың көлемі қанша, импорт ше? Ауыл шаруашылығы министрлігінен мән-жайды білгіміз келген. Бірақ білдей бір министрліктің атынан білгенінен білмейтіні көп «бозбала» келді.
Логистикадағы жүйесіздік, сақтау қоймаларының, шаруаларға көмектің жетпеуі. Тұтас тұтыну нарығын импортқа тәуелді етіп отыр. Өткен жылы сырттан 145 мың тонна алма әкелінген. Импорттың үлесі – 42%. Осыдан соң «Қазақстан – алманың тарихи отаны» дей бастағанда, өз тіліңді өзің тістегендей боласың.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Жандос Жұмабек, Гүлнәр Әмренова, Серік Қоңырбаев