Оралда коммуналдық жағажай ашылады
Ақылы орындарға баруды қалтасы көтермейтіндер рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға мәжбүр. Су түбі зерттелмеген әрі құтқарушылардың назарынан таса ондай орындарда қайғылы оқиғалардың жиі кездесетіні сондықтан.
Бұл мәселені біздің арна өткен жылы көтерген еді. Осы олқылықтың орны биыл толмақшы. Таяу уақытта қалада екі коммуналдық жағажай ашылуы жоспарланған.
2015 жылғы судағы қауіпсіздік ережесіне сәйкес шомылу орындарын анықтау атқарушы органдарға жүктелген. Бұйрыққа сай өңірде биыл осындай 69 орын белгіленіпті. Арнайы жабдықталған 9 жағажай бар. Құтқарушылар күні бүгін соның үшеуінің түбін зерттеп, қауіпсіздігін тексеріпті.
Бекжан Айтқалиев, құтқарушы:
- Судан неше түрлі заттар шығады. Көбіне қоқыстар, дөңгелектер, бөтелкелер, тіпті көзілдіріктер де болуы мүмкін. Құрылыс материалдары да кездесіп тұрады. Жабайы жағажайда жағдай бұдан да жаман. Қоқыс көлемі бұдан екі-үш есе көп. Сол себептен адамдар суға батып жатыр.
Оқыс оқиғалардың тағы бір себебі – балалардың қараусыз жүруі мен ішімдіктің кесірі. Жыл сайынғы қайғылы статистика осыны айғақтайды. Арнайы рейд барысында қауіпсіздік шаралары тұрғындарға түсіндіріледі.
Нұралы Мусиев, БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:
- Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 440-бабындағы қоғамдық жерде ішімдік ішу тармағы бойынша жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар халық арасында «бұл жерде баяғыдан суға түсеміз, жүзу білеміз» деген негіздемелер айтылып жатады. Дегенмен суға түскен адамдардың 70-80% – жүзу білетін адамдар. Білсін, білмесін, бұл адамға көмектеспейді.
Жан-жағы 3 өзенмен қоршалған Оралда тегін жағажай жоқ. Ақылы орындарды қалтасы көтермегендер рұқсат етілмеген жерден шомылатын. Енді осы олқылықтың орны толады. Шаһардың «Курени» деп аталатын бөлігінде және қалалық мәдениет демалыс саябағында коммуналдық жағажай ашылмақшы. Қазір құм төгіліп, қоршалып, тиісті жұмыстар жүріп жатыр.
Медет Оңдағанов, қалалық саябақ директорының орынбасары:
- Бүгінгі таңда қалалық демалыс саябағын халыққа тиімді етіп жасаудамыз. Мәселен, жағаға биодәретхана орнату жоспарлануда.
Ақылы жағажайлар да күннің ысуымен өз жұмыстарын бастаған. Бірақ биылғы шектеу шараларынан шығар, кісі қарасы көп емес. Әрі талапқа сай демалушылар саны 30-дан аспауы тиіс.
Людмила Щербатова, кәсіпкер:
- Біз алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіспіз. Суға түскенде немесе өз отбасымен бірге отырса, бетперде тағу міндетті емес. Бірақ одан басқа жерлерде жүргенде, сату орындарына барғанда міндетті түрде маска тағуы қажет. Адамдардың арасы 2 метрден жақындамауы керек. Демалушылардың қарсы боларын да білемін. Бірақ қауіпсіздік қағидаты баршаға ортақ.
Өткен жылы өңірде 29 адам суға батып кетсе, оның 8-і балалар екен. Қазір қолға алынған қауіпсіздік шаралары осы қайғылы статистиканы азайтуға сеп болары сөзсіз.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов