ШҚО-дағы соя мен жүгері егетін алқаптың көлемі артты
Шаруалар әдетте тек қыркүйектің ортасында бабына келетін бұршақ тұқымдас дақыл биыл ерте пісті деп қуанып жатыр. Оған біріншіден, күн райының қолайлы болуы ықпал етсе, екіншіден, жергілікті ғалымдардың тынымсыз еңбегі де әсер етіпті. Өйткені олар жергілікті климатқа жылдам ыңғайланып, тез өнім беретін сұрыпқа қол жеткізген. Мұнымен қоса өлкеде жүгері алқабы да кеңейіп жатыр.
Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығының ұжымы үшін ерекше күн. Өйткені шаруалар соя жинауды бастады. Әзірге бұл жұмыстар шағын тәлімбақта істеліп, ол үшін құны 180 мың еуро тұратын арнайы мини-комбайн қолданылуда.
Басты міндет – дақылды шашау шығармай жинап, селекциялық тұқым қорын алу. Ғалымдар осы бағытта бес жыл еңбек етті. Ғылыми топқа жетекшілік еткендердің бірі – Наталья Григорчук. Украинадан келген ғалым: «Осы күнге дейін сояның төрт сұрыпына қол жеткіздік», – дейді. Олардың барлығы енді селекциялық жетістіктер қатарына қосылады.
Наталья Григорчук, соя селекциясы зертханасының меңгерушісі:
- Біз алған сұрыптардың барлығы өте жоғары технологиялы болды. Бұршақтары биікке бекіген. Қай жағынан қарасаң да сапасы жақсы.Тұқымдары ақуызға бай, 39-41% құрайды.
«Соя алқабын баптау қиын әрі шеберлікті қажет етеді», – дейді мамандар. Ғалымдардың кейбірі ондағы гүлдерді қолдан тозаңдандыру үшін сағаттап жер жастанып жатады екен. Биыл ерте піскен соя шаруаларға осындай қуаныш әкелді. Сөйтіп, жылуқұмар дақылды климаты күрделі өлкеге жерсіндірудің де әдісі табылды. Көршілес Қытай бұл өнімді қашан да аттай қалап, талап алуға дайын. Жүгері десе де тартынбайды. Өлкеде алдағы үш жылда бұл дақылдардың әрқайсысының алқабын 30 мың гектарға жеткізу жоспарланған.
Фарид Абитаев, агрохолдинг жетекшісі:
- Жүгері өсірудің біздің өлкемізде өз қиындығы бар. Өйткені оны жинап теру уақыты тура күнбағысты жинау кезімен тұспа-тұс келеді.
«Сондықтан жалғыз жол – күнбағысты басқа да майлы дақыл түрімен ауыстырып, оның алқабын азайту», – дейді сала басшылары.
Владимир Гайламазян, Ауылшаруашылық басқармасының басшысы:
- Күнбағыс егу аумағы негізінен 18% аспау керек. Ал бізде кейбір ауданда 40% артық. Сондықтан біз шаруаларға басқа пайдасы көп, тиімділгі мол дақыл түрлеріне ауысуға кеңес береміз. Олардың ішінде әрине соя мен жүгері бар.
Соя егілген жерде 120-180 кг азот қалады екен. «Бұл – құнарлықты қалыпқа келтіруге үлкен сеп», – дейді мамандар. Сондықтан мұндай алқапты кейін күздік бидай егуге қолданған дұрыс. Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы да осы мақсатты көздеп отыр.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов, Дмитрий Пыхтин