Елімізде 40 жыл бұрын құрастырылған лифтілер жұмыс істеп тұр
Қолданылу мерзімі бітсе де, жұмыс істеп тұрған қырық құрау лифтілер бар. Жаңасын ауыстыру үшін 7 млн теңгедей қаражат керек. Жергілікті әкімдіктер оған қаржы бөлуге құлықсыз. Ал тозған лифтілердің зардабын тұрғындар тартып келеді. Тозған жеделсатылардың жыры өз алдында, қазір жаңадан тұрғызылған үйлерден де шикілік шықты. Тұрғындардың сағаттап қамалып тұруы да, жеделсатының басқаруға көнбей төменге құлдилауы да жиі кездеседі. Ал біздің тілшіміз үйдің ішіне емес, сыртқы қабырғасына орнатылған ерекше лифтіні тапты. Бұл қаншалықты қауіпсіз? Жеделсатылардың жағдайы қашан толық жақсарады?
Шынар Асанқызы, тілші:
- Бұл елордадағы 167-көше деп аталады. Дәл осы көшенің бойында бір емес бірнеше тоғыз қабатты үйге лифт салуды құрылысшылар ұмытып кеткен сияқты. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай қабырғасы қаланып, құрылысы толық аяқталған соң лифтіні сыртынан тұрғызып жатыр. Ал мұндай лифтілер қыстың қақаған суығында қалай жұмыс істейді? Тұрғындар үшін қаншалықты қауіпсіз? Ол жағы әзірге белгісіз.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, бұл үй баста бес қабат болуы тиіс екен. Бірақ мердігер компания пайда табу үшін тағы бірнеше қабатты салып, тұрғындарға сатқан. Талап бойынша алты қабаттан жоғары үйлерде лифт болуы тиіс. Сол үшін жобалаушылар лифт пен өрт баспалдағын сырттан салу туралы шешім қабылдапты.
Тұрғындардың қорқатындай жөні бар. Өйткені лифтідегі апатты жағдайлар соңғы кезде су жаңа тұрғын үйлерде де тіркеліп жүр. Сол жағалаудағы элиталы мына үйдің тұрғындары қазір жеделсатыға жанын шүберекке түйіп кіретін болған. Оған бір ай бұрынғы сұмдық оқиға себеп.
Дамир Салимов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Лифтімен көтеріліп келе жатып, 7-қабатқа кілт тоқтадық. Сосын кабина қатты шайқалды да, төменге қарай құлдилады. Әйтеуір диспетчердің түймесін басып үлгердік. Лифт ішінде кішкентай балалар да болды. Қатты соққы алмау үшін бәріміз еденге жата қалдық.
Лифт ішінде бейнекамера орнатылған. Бірақ бір қызығы дәл сол күні ол істен шығыпты. Ешқандай жазба сақталмаған. Десе де қазір полиция жәбірленушілердің арызы бойынша іс қозғап жатыр.
Нұрлан Кенжебаев, лифт мамандары одағының президенті:
- Қытайдан келген лифтілер 15 жыл істейді. Одан әрі проблема басталады. Осы 15 жылдың ішінде сапасыз бірталай лифтіні кіргізіп алдық.
Жалпы Қазақстан аумағында шамамен 24 мыңдай лифт тіркелген. Талап бойынша олар 25 жыл сайын ауыстырылуы тиіс. Бірақ біздегі әрбір бесінші лифтінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Арасында 40 жыл бұрын құрастырылғандары да бар.
Кирилл Цечоев, тәуелсіз сарапшы:
- Лифтінің ішінде оны қолдану туралы нұсқаулық міндетті түрде болуы керек. Сосын апаттық жағдайда көмектесетін диспетчердің нөмірі көрсетіледі. Ал мына жерде лифтінің соңғы рет қай күні сараптамадан өткені туралы жазылып тұр.
Алайда мұндай ақпаратты 40 жылдық лифтіден іздеп әуре болмай-ақ қойыңыз. Оған мына видео дәлел. Жауапты органдардан қайран болмаған соң тұрғындар мұның бәрін өз қолымен жазуға тура келген. Жалпы лифтінің апта сайынғы тексеріс жұмыстары, бөлшектерін ауыстыру шығыны тұрғындардың мойнында. Бұл жұмысты сервистік компаниялармен бірлесіп атқарады. Бірақ қазір мұндай компанияларға қойылатын талап тым әлсіз. Кім көрінген айналысады. Әрине сосын сапа да ақсайды.
Қазақстан лифт мамандары одағы қазір лифт шаруашылығымен тек арнайы аттестациядан өткен компаниялар ғана айналысуды талап етіп отыр. Сосын бағасы арзан деп, шетелден лифт тасу тыйылса дейді. Өйткені елімізде лифт құрастыратын төрт зауыт бар. Тапсырыс болса, Қазақстанды жеделсатымен толық қамтуға қауқары жетіп тұр.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Айбын Құсанбек, Айдос Меделбеков, Нұрлан Малгелдинов