Алматы іргесіндегі ауылға көгілдір отын қашан келеді?
«Өткен жылы газ тартып береміз», – деп халықтың бар ақшасын жиып алған «Араз-Инвест» компаниясының басшылары ұшты-күйлі жоғалған. Бұл ауылда тек көгілдір отын ғана емес, шешілмей отырған мәселе шаш-етектен көрінеді.
Талғар ауданы Қайнар ауылдық округіне қарасты Ай-Абылай ауылында мыңнан аса түтін бар екен. 2018 жылы «Араз-Инвест» компаниясы газ тартып береміз деп тұрғындармен келісімшартқа отырған. Тіпті өткен жылы ақшаларын толықтай жинап алған.
Аққу Керімбекова, ауыл тұрғыны:
– Мен бір жарым жыл бұрын ақшасын төлеген едім. Мысалы, біздің үйге үш көшеден газ труба келіп тұр. Бірақ маған газ тартпай отыр. Себебі былтырғы компанияның қателігі бар дейді. Немесе өздері дұрыстап түсіндіріп бере алмайды. Мен бірақ 100 процент ақшасын төледім. Үйде мүгедек әке-шешем бар. Соларға бола газ кіргізем деген едім.
Дәулет Үкібасов, ауыл тұрғыны:
– Мына көшеге жұмысшылар винтель қоймай кеткен. Енді сол винтельді қоймағаны үшін мына турбаны кесе алмай жатыр. Кесу үшін көп қаржы қажет дейді. Міне, оны айтқанына да 1 жарым жыл өтті.
Қылышын сүйретіп қыста келіп қалды. Ал тұрғындар: «Көмір алуға ақшамыз қалмады, енді үйімізді қалай жылытамыз», – деп жыларман болып отыр. Жергілікті халыққа уәдені үйіп төккен «Араз-Инвест» компаниясының басшысы шетел асып кеткен көрінеді. Ал әкімдіктегілердің жауабы мынау.
Нұрболат Манапбаев, Қайнар ауылдық округінің әкімі:
– Кеше ғана газовый компанияда болғам. Осы үш айда 100 үй қосылыпты тағы. Қазір 350-дей болды. Олар жұмыстарын жалғап жатыр. Бірақ жаңағы өзім айтқандай, тұрғындар арызбен келіп жатыр. Инвесторлар ғой мұны тартқан. Үкімет емес тартқан.
Бұл ауылда мектеп, емханада жоқ екен. Қоғамдық көлік қатынамайды. Өйткені жолдарының түрі мынау. Ал кеше ғана жасаған көшелері көшіп жатыр.
Рабия Өмірбаева, ауыл тұрғыны:
– Бізде дәріханада жоқ. Карантин кезінде өте қатты қиналдық. Балалар ауырды, өзіміз ауырдық. Грэске барамыз. Грэстіде жауып тастады бір кездері.
Алматыға тиіп тұрған ауылдық округтің әкімі жуық арада бәрі болады деп уәде берді. Бірақ бұл сөзді 10 жылдан бері естіп келе жатқан ауыл тұрғындарының көңілі жәй тапты деп айта алмаймыз.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев