«Ауыл» партиясы Түркістан облысы шаруаларымен кездесіп, мәселелерін тыңдады
Түркістан облысында шаруалар тонна-тонна қойдың жүнін өртеуге мәжбүр. Себебі шикізатқа сұраныс жоқ. Базарға апарғанымен, ешкім сатып алмайды. Сондықтан фермерлер қойдың жүнін пайдаға асырудың жолын таппай келеді. «Ауыл» партиясының өкілдері өңірдегі шаруалармен кездесіп, мәселелерін тыңдады.
Ордабасы ауданындағы мына шаруашылықта 7 мың бас қой бар. Ордабасы тұқымы еті әрі жүні сапалы келеді. Алайда ауыл шаруашылығы саласын жақсы білетін Лесбек Ағабекұлы үшін бұл қуанарлық жағдай емес. Өйткені нарықта жүнге сұраныс жоқ.
Аманбек Бекман, зоотехник:
- Біздің қойлардың жүні қанша сапалы болғанымен, сұраныс жоқ. Ешкім алғысы келмейді. Қайда өткізерімізді білмейміз. Бұрын жеңіл өндіріске алатын еді. Қазір ол да жоқ.
Нарықта сұраныс болмағандықтан, облыстағы кейбір шаруашылық қойдың жүнін өртеуге мәжбүр. Өйткені ұсақ мал жылына екі рет қырқылады. Бір қойды қырқудың құны 300 теңге тұрады. Ал тонналаған шикізат пен мал терісін шаруалар қайда өткізерлерін білмейді. Өңір шаруаларымен кездескен «Ауыл» ХДПП өкілдері жоғарыға ұсыныспен шығатындарын жеткізді.
Лесбек Ағабекұлы, «Ауыл» ХДПП өкілі:
- Ауыл деңгейін көтеру үшін, елдің экономикасына үлес қосу үшін «Агропромбанк» құрылса деп отырмыз. Бізде халықтың қарнын тойдыру үшін, әлеуметтік жағдайын көтеру үшін тек қана ауыл шаруашылығын қолдау керек. Қойдың өзін алсақ, жүні есепсіз қалады. Өңдейтін зауыт-фабрика жоқ.
Бұдан бөлек қазір көптеген шаруа малдың жем-шөбінен қиындық көріп отыр. «Мал бар, бірақ оны жаятын жайылымдық жер жоқ», – дейді шаруалар. Жердің көпшілігі жекенің қолына өтіп кеткен. Жайылымдық жер жылдан-жылға тарылып бара жатқанын айтады.
Бауыржан Оразалиев, шаруа қожалығының басшысы:
- Бірінші мәселе – жайылым, өте тар. Айналамыздың бәрінде егістік көбейіп кеткен. Ауыстырып, жаятын, көшетін жер жоқ. Жүн мен теріні өңдейтін зауыттар жұмыс істесе дейміз.
«Ауыл» партиясының мүшелері төрт түлік ауылдың берекесі ғана емес, тіршілік көзі екенін айтады. Елдің экономикасы өркендеп дамуы үшін ауыл шаруашылығы саласын дамтыу керек деп есептейді. Сол үшін жүн мен теріні өңдейтін зауыттар салып, шаруаларға төмен процентпен несие беруді ұсынып отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш