Мониторингтік топ мұқият болуы қажет
Алматы қаласындағы мейрамханалардың бірін тексеруге барған топтың толтырған хаттамасын сот дәйексіз деп тапты. Себебі қаулы аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты жиі өзгеріп отырады. Ал тексерушілер мұны ескермеген.
Карантин ережелерінің орындалу барысын бақылайтын мониторингтік топтың нақты осы мейрамхананы тексеруіне, нысанның түнгі уақытта жұмыс істегені түрткі болған. Мынау бейнебақылау камерасынан алынған жазбалар. «Мейрамхананы тексеруге келген топ құрамында кісі қарасы көп. Бұның өзі ережеге қайшы», – дейді мамандар.
Берік Солтанбаев, Медеу ауданы әкімінің орынбасары:
– Медеу ауданы бойынша 4 мониторингтік топ бар. Ол мониторинг груптың ішінде аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасары, «Атамекен» және жергілікті полиция қызметкері кіреді. Бір мониторинг топтың ішіне 3 адам кіреді. 3 адам бірлесе жүру керек. Егер де олар бөлек жүрсе, ол заңсыз деп саналады.
Халықты сақтыққа шақыратын топтың селқостық танытқаны өкінішті. Енді бұл оқиға өзге топтарға сабақ болар деген үміттеміз. Негізі айтпағымыз бұл емес еді, мейрамхананың мәселесі болатын. «Қоғамдық тамақтану орны карантин ережесін бұзды», – деп оның иесіне хаттама толтырылады.
Родован Симонович, мейрамхана иесі:
– Бір аптадан кейін мені аудандық Сапаны бақылау басқармасына шақырды. Мен 26 қазандағы қаулыға сәйкес жұмыс істегенім туралы түсініктеме жаздым. Олар: «Жарайды, ешқандай шағымымыз жоқ», – деді.
Кәсіпкердің талапты бұзбағаны әкімшілік сотта дәлелденді. Бұған қаланың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы негіз болған. Жалпы қаулы аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты жиі өзгеріп отырады. Мониторингтік топ осы тұсын ескермеген. Иә, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Дегенмен мұндай шетін мәселеде мұқият болған абзал. Жалпы 9 қазаннан бері мониторингтік топ мыңнан астам нысанды тексеріп, 40-қа жуығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның басым бөлігі – қоғамдық тамақтану орындары.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев, Кенже Амраев