Елімізде15 миллионнан астам адам медициналық сақтандырумен қамтылды
Тіпті кейбіреулер осы денсаулық мәселесіне келгенде өз құқығын білмейді де. Осы бағытта жиналған қаржының барлығы медициналық қызмет көрсетуге жұмсалады. Мысалы, былтыр амбулаторлық деңгейде сақтандыру аясында 215 миллион қызмет көрсетілген, 110 миллион қабылдау болған. 454 мың компьютерлік томография медициналық сақтандыру негізінде жасалған. Ал дәрігерлер: «Осы қор аясында қарапайым азаматтардың қолы көптеген қымбат қызметтерге жетті», – деп отыр.
Былтырдан медициналық қызмет міндетті әлеуметтік сақтандырусыз көрсетілмейтіні мәлім. Халық әлі сақтандырудың сырын толық түсіне қоймаған секілді. Әлеуметтік желі сан сауалға толы.
Блиц:
– Қазір сақтандырусыз рентген де жасай алмайсыз. Қаншама туберкулезбен ауыратындар анықталмай қалуы мүмкін. Көбінде сақтандыру жоқ қой.
– Менде проблема болды. Былтыр қыркүйектен бері базаға енгізілмедім. Студентпін, жеңілдік санатындамын. Тиісті мекемелерге хабарласып, 4 ай жүрдім, сөйтіп жақында ғана сақтандырылдым.
МӘМС қоры жүйесін түсінбеген халықтан 720 мың арыз-шағым түскен. Оның 8 мыңы бойынша халық қалаған қызметін уақтылы ала алмағанын айтады.
Индира Жылқайдарова, тілші:
– Ал егер сіз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында тіркелмеген болсаңыз, онда ай сайынғы жарна көлемін анықтап алу қажет. Жалдамалы қызметкер үшін жұмыс беруші жалақының 2 процентін төлейтіні мәлім. Ал егер сіз жеке кәсіпкер немесе шаруа қожалығының иесі болсаңыз, ең төменгі жалақының 1,4 бөлігінің 5 процентін, яғни 2975 теңге төлеуге тиіссіз, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар 1 АЕК 2917 теңге береді. Бұл республикалық және облыстық маңызы бар қалалар үшін, ал басқа елдімекендер үшін жарты айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтейді.
Дербес төлеушілер ең төменгі жалақының – 5 процентін, азаматтық-құқықтық негізде шарт бойынша істейтіндер табысының 2 процентін жарна ретінде төлейді. Былтыр сақтандыру төңірегінде түсініспеушілік көп болғанын дәрігерлер де мойындап отыр.
Меруерт Бердібекова, Нұр-Сұлтан қаласы №10 емхананың дәрігері:
– Ең бірінші карантиннен шықтық қой, сол кезде көп қиындық болды. Көбісін қабылдай алмадық, себебі оларда сақтандыру жоқ. Оны науқастарға түсіндіреміз, төлейді қайтадан қабылдаймыз.
Қостанайлық Атымтай Төлегеновке жүрек ауруын емдеу үшін 2 рет операция жасаған. 2019 жылы квотамен өтсе, былтыр медициналық сақтандыру есебінен тегін емделген.
Атымтай Төлегенов, зейнеткер:
– Маған жасаған операция құны – 980 мың теңге. Қарапайым зейнеткер мұндай соманы ә дегенде таба алмас еді. Әуелі Алла, сосын медициналық сақтандырудың арқасында бір өлімнен аман қалдым. Қосымша 164 мың теңгеге шипажайда ем алдым.
Бүгінде елімізде15 миллионнан астам адам медициналық сақтандырумен қамтылған. Ал 3 миллион адам әлі күнге мәртебесін білмейді әрі жарна төлеуден қалыс қалған. Ал уақтылы төлемегендер үшін үстемақы қосылады.
Зәбира Оразалиева, МӘМС қорының жеке және заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры:
– 15 миллионнан аса азаматтардың 11 миллионнан астамына мемлекет төлейді, 5 миллионға жуық азаматтар жұмысшы ретінде сақтандырылған. Карантин болды, көп жұмыс берушілер жұмыстарын тоқтатып, мемлекет өз тарапынан жеңілдік қарастырған болатын.
Мамандардың айтуынша, қорға тіркелмегендердің дені – ауыл-аймақ тұрғындары. Алматы облысында медициналық сақтандыруға тартылған азаматтар саны – 1 миллион 600 мыңдай. Бұл облыс жұртшылығының 77,5 проценті. 450 мыңға жуық адам сақтандырылмаған.
Нұрлан Отарғалиев, МӘМС қорының Алматы облысы бойынша филиалының директоры:
– 1406, Qoldau 24/7 сияқты мобильдік қосымшалар арқылы бізде пациенттермен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Әлеуметтік желілер, fms.kz сайттарымыз бар, сонымен қатар әр медициналық ұйымның сайтында плагин орналасқан.
Студенттер, жүкті әйелдер, зейнеткерлер секілді жеңілдіктегі 15 санат азаматтарына мемлекет төлейді, қалғандары да түсінікті. Ал жұмыссыздар бірыңғай жиынтық төлемін төлеуге міндетті, демек ақшасы болмаса сақтандыру аясында емделе алмайды.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Айбын Құсанбеков