Вакцинаның көмегімен адамзат қандай ауруларды жеңіп шықты?
Мысалы, ХХ ғасырда шешек ауруы 300 млн адамның өмірін қиды. Бірақ 1977 жылы Сомали халқын қынадай қырып, баудай түсірген шешек ауруы екпеден соң біржола жойылды. Полиомиелит ауруының атауы бізге онша таныс емес. Өйткені ол вакцинаның күшімен бізге жеткен жоқ. Бұл дертке қарсы 1950 жылы екпе табылып, жұрт жаппай егілді. Әсіресе Таяу Шығыс тұрғындары осы індеттен көп зардап шеккен. Есесіне адамзатты аждаһадай жалмаған аурудың беті қайтты. Бұдан түйетініміз, тарих қайталанады. Адамзат араға ғасыр салып, тағы бір індетпен бетпе-бет келді.
Оба, тырысқақ, сүзек, шешек. Атауының өзі адамның төбе шашын тік тұрғызады. Бұл індеттен жер бетіндегі қанша жанның көз жұмғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Бір анығы, олар миллион емес, миллиардтан да асып жығылады.
Қатерлі індеттер хронологиясын Афина обасы, шешек індеті бастап тұр. Біздің заманымызға дейін бұл аурудан 60 млн жуық адам көз жұмды. Егеуқұйрық пен бүргеден тараған «қара өлім» 200 млн жанның өмірін жалмады. Бұл ауруды жұқтырғандардың бір де біреуі жазылып көрмеген. ХVII – XIX ғасырларда тараған cүзек пен обаның да залалы орасан. Тырысқақтан да миллиондай жан қайтыс болды. Ал «испан тұмауын» планетаның үштен бірі жұқтырды. Оның 50 млн көз жұмды. Одан кейінгі Азия тұмауы, Гонконг тұмауы, шошқа тұмауы ВИЧ пен Эбола да миллиондаған адам шығынан әкелді.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Сол заманды көзімен көрген жандардың қалдырған естелігіне сүйенсек, аты жаман ауру қазақ даласын да айналып өтпеген. Ұлтымыздың талай жақсы мен жайсаңы осы індеттен көз жұмды. Елордадағы зиратта өткен ғасырда тырысқақ, сүзек секілді аурудан көз жұмған адамдар жерленген деген әңгіме айтылады.
Соның бірі – атақты көпес Баймұхамет Қосшығұлов. Ақмолада алғаш боп тері өңдеу, кірпіш шығару зауыттарын, кондитер цехын, ірі сауда орындарын ашқан әйгілі көпес тырысқақ дертінің тырнағынан құтыла алмапты.
Ерлан Күзекбай, Б. Қосшығұловтың ұрпағы:
- Тырысқақ ауруы келген кезде бәрімізді «сендерге ауру келмесін» деп, Байкөп атамыздың жайлауына алып кеткен. Ауылда үлкендер қалған. Кейін Байкөп атамыз қайтыс болғанын естідік. Балдызы Кәрім ешкімді жолатпай бір өзі арулап, кебіндеп, қазіргі «Жастардағы» зиратқа әкеліп жерлеген екен. Сосын үш күннен кейін өзі де қайтыс болған.
Қазір отандық медицинада осындай жұқпалы дертке қарсы 20 түрлі екпе егіледі. «Аты жаман ауруды тек вакцинамен басқаруға болады», – дейді мамандар.
Жанна Пірәлиева, Нұр-Сұлтан қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Табиғи оспа індеті көп адамның өмірін алды. Вакцинаның арқасында бүгінде бұл аурумен ешкім ауырмайды. Қазіргі дәрігерлеріміз «дифтерия», «сіреспенің» не екенін білмейді. Өйткені вакцинаның арқасында осы инфекциялар өмір сүруін тоқтатқан деуге болады.
Бірақ мұндай індеттер бізде жойылғанымен, екпе салмайтын кей елдерде әлі бар. Демек, әлемде ауруды тасымалдайтын бір жан қалса да, ол адамзат баласы үшін аса қауіпті. Сапырылысқан көші-қонның салдарынан індет кез келген елге, кез келген уақытта кіріп келуі әбден мүмкін.
Ботагөз Кәукенова, медицина ғылымының докторы, биолог:
- Біз, қазақстандықтар, полиеомелиттің не екенін аса қатты біле бермейміз. Бұл – балаларда жиі кездесетін, түбі сал болуға соқтыратын жұқпалы дерт. Полиолемитке қарсы вакцина алудың арқасында бұл ауруды түбегейлі жойдық. Бірақ әлемде бұл вакцинаны салдырмайтын елдер бар. Демек, мұндай елдерде полиолемит әлі күнге дейін кездеседі деген сөз. Қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурудың әлемге тарап кетпесі үшін жаппай вакциналауды қолға алып жатыр.
Адамзат баласы араға ғасыр салып, тағы бір індетпен бетпе-бет келді. Коронавирус жер бетіндегі 2 миллионнан астам адамның өмірін жалмап үлгерді. Вирусты жеңу әзірге мүмкін болмай тұр. Бірақ оған қарсы вакцина әзірленді. Ол әлемді ажал тырнағынан құтқара ала ма? Ол енді уақыттың еншісінде.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Нұрлан Малгелдинов, Дулат Ентебеков