Хабар телеарнасы

Жайық өзенінің жағдайы көңіл көншітпей отыр

Мәселен Жайық-Каспий бассейнінде дәстүрлі көктемгі қарбалас басталды.

Атырау балықшылары былтыр бөлінген лимит бойынша айдыннан 13 мың тонна су маржанын теруге тиіс еді. Осы меженің күзде тек 5 мың тоннасы игеріліпті. Ал кәсіптің табыссыз болуы өзендердегі судың аздығына байланысты болып отыр. 

Бұл – балықшы қауымның ортақ пікірі. Әсіресе Жайық өзені жыл санап тартылып барады. Осыдан үш жыл бұрын басталған өзен түбін тереңдету жобасынан жақсылық күткен. Бірақ жүйесіз атқарылып жатқан жұмыстар көптің көңілінен шықпай тұр.

Атырау облысының орталығы мен 3 ауданды және жүздеген шаруашылықты тіршілік нәрімен қамтып отырған Жайық өзенінің жағдайы жыл санап нашарлап барады. 2018 жылы Үкіметтің қолдауымен арнайы жоба жасақталып, Жайық, Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету жұмыстары басталған. Құжат жүзінде жүздеген шақырым қазылып та қойыпты. «Бірақ осы жобаның олқы тұстары көп», – дейді балықшылар.

Санат Тілепбергенов, Қазақстан балықшылар қауымдастығының өкілі:

- «Теңіздің үстінде экскаватормен қазады» дегенді ойыма сыйғыза алмаймын. Бұл болмайтын зат. Тереңдету жұмыстарында жер снаряды болды. Сол жер снарядтары жақсы жұмыс атқарған, әйтпесе қазған топырақтарын 1 км жерге дейін ұзын құбырлармен алыстатып тастайтын еді. Ал экскаватор алған жерлерін әрі кетсе 3 метр жерге тастайды. Ол кейін қайта көміліп қалады. Оның пайдасы жоқ. Текке кетіп жатқан ақша деп есептеймін.

Каспий теңізінде балық қоры әлі де мол. Тек олар өзендер таяздап қалғандықтан еркін өрістей алмайды. Тереңдетілген аумақтан балықшылар 11 мың тонна су маржанын терген кездер де болған. Ал былтырғы түсім 5 мың тоннамен шектелді. Себебі арналар қайтадан құмығып қалған.

Артур Сәдібекұлы, облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Биылға тағы Жайықта 50 шақырым, Қиғашта 230 шақырымға жуық түп тереңдету жұмыстарына жобалық-сметалық құжат дайындалды. Атырау облыстық әкімдігімен бұл жұмыс алға қарай да жалғасын табады деп ойлаймыз. Қазіргі таңда республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда.

Көктемгі балық аулау маусымына 4500 адам жұмылдырылды. Олар наурыздан мамыр айының аяғына дейін айдын кешіп, несібесін термек. Әзір өр суы жетпегендіктен Жайық тыныш, ағыс жоқ. Сол себепті балық та аз.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Осыдан 30 жылдай бұрын Жайық өзеніне 9 млрд текше метр су жиналған екен. Қазір трансшекаралық өзендегі су көлемі 3 есеге төмендеп кеткен. Оның басты себебі – Ресейден келетін су көлемінің күрт азаюы. Екіншіден, қазір Атырау облысындағы өнеркәсіптер мен ауыл шаруашылық құрылымдары жылына 25 млн текше метр су тұтынады. Бұл – онсыз да тынысы тарылып бара жатқан өзенге үлкен жүк екені даусыз. Қосымша соңғы 3 жыл бойы жалғасқан құрғақшылық өзектерді құрғатып, Жайықты мүлде тұралатып тастады.

Биыл Жайық өзенін суландыруға арналған Ресеймен бірлескен еларалық жоба жасақталып, жұмыс басталмақ. Бірақ оның нәтижесі қашан және қалай боларын болжау қиын.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев