Шаруалар субсидия жарияланған кезде техниканың қымбаттап кететініне алаңдаулы
Науқандық жұмысқа әдеттегідей жанармай бөлініп, арнайы субсидия да қарастырылған. Әрине, зиянкестермен күрес, егістікті түрлі тәуекелден сақтандыру тетіктері де қарастырылған. Ендігісі тек шаруаға байланысты.
Қай аймақтың шаруасын алсаңыз қазір егістік басында. Бірі жерге дән сіңіруде, енді бірі алқапта ылғал жабудың қамымен жүр. Мемлекет тарапынан олардың бұл істі уақытылы атқаруы үшін осы жылы 70 млрд теңге субсидия бөлініпті. Оның жұмсалу мақсатына тоқталсақ, 11 млрд тұқымға, 26 млрд теңге тыңайтқыш үшін қарастырылған. Зиянкестермен күрес, арамшөпті жою, жалпы өсімдікті қорғауға 30 млрд теңге бөлінген.
Азат Нұрсұлтанов, ҚР АШМ департамент директоры:
- Мұның сыртында инвестициялық субсидия бар. Ол шаруалардың техникалық паркін жаңартуға арналған. Былайша айтқанда, жаңа техниканың алғашқы жарнасын осы көзден алып жабуына болады.
Сырттан қарағанда техникасы тозған шаруалар үшін бұл бір жақсы мүмкіндік сияқты. Бірақ сол ескінің өзін қанағат тұтып жүргендер көп. Бастысы, сынбай маусым сайын қажетін өтеп берсе болды.
Мұхтар Байлабеков, жүргізуші:
- Көктемгі егіске шықтық. Ылғал жауып жатырмыз. Күнделікті норма 70-80 гектар жерді жыртамыз. Техника ескі демесеңіз, бәрі жақсы.
Жақсы деуі – барға қанағат дегені. Ал шаруашылық басшысы осы қанағаттың астарында билік ауыл шаруашылығын қолдау тетігін өзгертсе деген ниет жатқанын жеткізді. Бұл негізінен жаңа техниканы субсидиялауға қатысты.
Қанат Теміров, шаруашылық басшысы:
- Субсидияны Үкімет беріп жатыр. Бірақ ол субсидиядан пайда шамалы деп ойлаймын. Субсидия жариялаған кезде бүрсігүні сатылып жатқан техникалар қымбаттап кетеді. Ол – қаншама жылдан бері келе жатқан мәселе. Тек техника емес, тыңайтқыш, химия болсын, барлығына субсидия бергенде, бағасын қымбаттатып жібереді.
Шаруа бұл сөзді бекер айтып отырған жоқ. Өзі жуырда ғана жаңа техника алып, бар жайды бастан өткізген. Амал жоқтықтан қазіргі нарық ережесімен жұмыс істеуде. Енді еліміз бойынша көктемгі егіс жұмыстарының қарқынына тоқталып өтейік. 30 сәуірдегі ақпаратқа сай, 430 мың гектарға дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілген. Майлы дақылдар 90 мың гектар, көкөніс пен бақша дақылдары 100 мың гектардан асыпты. Қант қызылшасы 9.5, ал картоп алқабы 24.3 мың гектарға жетіпті.
Бұл ақпарат негізінен оңтүстік өңірлерге қатысты. Солтүстіктегі дала жұмысы енді қызады.