Өскеменде кейбір жол белгілері дұрыс қойылмаған
Кейбір көшелердің қиылысындағы қосымша бұрылыстарда бағытты өзгерту қиын.
Жол құрылысының техник мамандары мен полиция қызметкерлері белгілерді орнатуға қатысты осы салаға жауапты мекемеге ұсыныстарын берген.
Әуезов даңғылында көлік нөпірі өте көп. Өткен жылы бұл көшенің жолы толық жөнделіп, төрт жолаққа кеңейтілген. Бірақ соған қарамастан, таңертең және кешке кейде кептеліс болады. Әрі даңғылдың басындағы ең бірінші аялдамадан автобустардың тоқтаған соң қайта қозғалуы қиындап кеткен.
Аялдамадан шыққан соң автобус үшінші жолаққа қайта түсу керек. Бірақ сол кезде қатарында басқа автокөліктер тұрса, ол жүре алмайды. Бұл бір. Екіншіден екі түзу сызбаны кесіп өтеді.
Соңғы бірнеше жылда орталық көшелердің қиылысындағы жолдарда қосымша бұрылыстар салынып жатыр. Бұл кептелісті болдырмауға септігін тигізді. Алайда қосымша жолмен көлік келесі бағытқа кедергі келтіретін жерлер де бар.
Алтай Мәкенов, техника ғылымдарының кандидаты, доцент:
- Автобус келгенде кедергі жоқ. Бірақ көлік жолмен тура жүргенде, автобус тоқтап тұрғанда, бұрылғанда автобусқа кедергі жасайды. Екі жолақ бір жолаққа қосылғанда да кедергі жасайды. Мұндай жағдай біздің қаламызда бірнеше жерде бар. Соны дұрыстап тексеріп, мәселені шешу керек.
Жаңадан қолданысқа берілген кейбір жолдардың белгісі мен жолақтырды бөлу сызбасы жоқ. Осының кесірінен кейде жол апаты да болып жатады.
Олжас Керейхан, тілші:
- Өскемендіктер арасында «Бәйтерек» атанып кеткен бесжолақты шеңберлі жол – жүргізушілер үшін ең қауіптісі. Бұл жолға кез келген жолақпен кіруге болады. Ал айналып шыққан кезде ең шеткі жолақты ұстану керек. Осы тұста көлік иелерінің көбі сасқалақтап, қиналады. Тіпті осының кесірінен үнемі жол апаты болады.
Жөндеуден өткен жолдарда кейбір белгілердің дұрыс қойылмағанын полиция қызметкерлері де растап отыр. Биыл жүргізушілердің шағымына байланысты 600-ден аса тексеру жүргізіліп, нәтижесінде лауазымды 95 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды.
Еркін Әнуарбеков, ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- Ол хаттамалардың мәнісі неде? Анықталған кемшіліктердің нәтижесінде ол адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Себебі жол белгілері қойылмаған, жол сызықтары тартылмаған.
Тек белгілер мен жолақтар ғана емес, жол шетіндегі қоршаулар орнатудың ережесі бар. Ережеге сәйкес келмейтін белгі алынады.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин