Сириядан оралған қазақстандық: шекарада ұсталып қалсаң, өмір бойы қара тізімге енгізеді
Ата-анасының үмітін таптап, перзентінің балалық шағын ұрлағанына тек өздерін кінәлі санайды. Қазір мамандар «Жусан» операциясы аясында елге оралған отандастарымызды қоғамға бейімдеу жұмысын қарқынды жүргізіп жатыр. Жат ағымға жан тәнімен беріліп кеткен 600 адамның бетін бері қайтару оңай шаруа емес.
Атыс-шабыстың қақ ортасынан оралған олардың кейбірі көрген сұмдықтарын әлі күнге дейін ұмыта алмай жүр.
Жанна (есімі өзгертілді), Сириядан оралған қазақстандық:
- Жолдасым Сирияға бірінші кетті. Сонда болған кезде маған хабарласып, Египетке оқуға баратынын айтты. «Сен кел, менің қасымда боласың, мен оқимын», - деген еді. «Дайын отыр, менің достарым келіп, ұшаққа отырғызып жібереді», - деді. Содан екі досы келді. Мен оларды бұрын көрмегенмін. Солар мені ұшаққа отырғызып жіберді. Ол жерде қазақтар өте көп. Бізді бір үйге алып келді. Әйелдер Қазақстанның әр қаласынан келген. Ер адамдар бірінші рейспен кетті. Екінші рейспен әйелдерді жібергенде, мен де соның ішінде болдым. Шекарадан өткеннен кейін босқындар отырған кезде түсіндім. Кері қайтуға жол жоқ. Күйеуіме айтсам, баламды алып қалып, өзімді шекарадан шығарып жіберуі мүмкін еді.
Гүлпари Фарзиева, Сириядан оралған қазақстандық:
-Бір күні күйеуім кешкісін үйге оралмады. Қайтыс болыпты. Ертесіне денесін әкеліп жерледік. Ал күйеуі қайтыс болған әйелдер жесірлер үйін паналайды. Осы кезде мен елге қайту жолын қарастыра бастадым. Ол жерден шығу үшін 3 мыңдай АҚШ доллары қажет болды. Елдегі жалғыз анамның ондай ақша жіберетін мүмкіндігі жоқ еді. Оның үстіне бұл өте қауіпті әрекет болатын. Өйткені кез келген жерде оққа ұшуың мүмкін. Аман өткен таныстарымыздың өзі шекарада қолға түсіп, кері қайтарылды. Ұсталып қалсаң, өмір бойы қара тізімге енгізіп, түрмеге жауып тастауы мүмкін.
Жанна (есімі өзгертілді), Сириядан оралған қазақстандық:
- Күйеуім қайтыс болғаннан кейін, ол жақта маған қиын болды. Күйеуің жоқ болса, жүріп-тұру өте қиын. Көшеге шықсам неге көшеге шықты деп айтады. Ал маған көшеге шығу керек. Үш балам бар. Оларға тамақ керек, балаларды далаға шығару қажет. Басқа әйелдер: «Мынау көзін ашып шықты, қолын ашып шықты», - деп бірден өсектейді. Сондықтан екінші рет күйеуге шығуға тура келді.
Жанар Қарсыбекова, теолог:
- Оларда қорқыныш болды. Басында ашылып сөйлеспеді. Тек өмірлерін жай ғана айтып өтті. Өйткені «бізді қоғам, халық қалай қабылдайды, біз қоғамға бейімделе аламыз ба, өміріміз не болады» деген сияқты қорқыныштар болды.
Дулат Халел, Қарағанды облысы Дін істері басқармасының басшысы:
- «Түсіндіру жұмыстарын, тыңдамаймын, мойындамаймын» дейтіндер де кездеседі. Бұл – өте күрделі тақырып. Бірақ Дін істері басқармасы осы азаматшалармен теологиялық жұмыстарын жүргізіп келе жатыр.
Гүлпари Фарзиева, Сириядан оралған қазақстандық:
- Біз туралы сыртымыздан «бірнеше рет тұрмысқа шықты, бір ер адам екіншісіне сатып жіберді, сыйға тартты» деген әңгімелер айтылады. Шын мәнінде, ол жерде өз қауіпсіздігіміз үшін күйеуге шығуға мәжбүр болдық. Өйткені эвакуация кезінде сені сол жерден алып шығатын ер адам міндетті түрде керек. Ол кезде саған да, сенің балаларыңа да ешкім қарамайды. Бомба қойылған жерде қалып қойған әйелдер де болды. Кейбір әйелдер бүгін тұрмысқа шықса, күйеуі ертесіне қайтыс болады. Осылайша, олардың қайтадан тұрмысқа шығуына тура келеді.
Аркен Абдуғали, ҚР ҰҚК ресми өкілі:
- «Жусан» операциясының 5-кезеңі шеңберінде Қазақстанға 607 адам қайтарылды. Оның ішінде 37 ер адам, 157 әйел және 403 бала. Олардың 34-і жетім.
Гүлпари Фарзиева, Сириядан оралған қазақстандық:
- Бір күні анам Қазақстаннан арнайы топтың келгенін айтып хабарлама жазды. «Қақпаның алдына бар, сен туралы бүкіл мәліметті бердік, тізімде барсың», - деді. Біз отырған күрдтер лагерінің территориясы өте үлкен. Келсем, қақпа алды қаптаған адам. Есіктегі күзетші: «Түрің қазаққа ұқсамайды», - деп сыртқа шығарғысы келмеді. Құжаттарымызды шекарадан өтерде жағып жібергендіктен, қолымда дәлелдейтін ештеңе болмады. Амалдап, біздің жасақ отырған жерге жеттім. Олар тізімнен аты-жөнімді дереу тауып алды. Балаң болса, тез алып шық деді. Бізге жылышырай танытып, өте жақсы сөйлесті. Өзім таң қалдым. Елге әкеліп, жазалайды, түрмеге жабады деп ойлағанмын. Бәрі керісінше болды.
Дулат Халел, Қарағанды облысы Дін істері басқармасының басшысы:
- Өкінішке қарай, Қарағанды облысында адасқан адамдар әлі бар. Республика бойынша алатын болсақ, күрделі аймаққа жатамыз.
Жанар Қарсыбекова, теолог:
- Қазір жастар әлеуметтік желілерге өздерінің өмірі жайлы ақпаратты көп салады. Басындағы қайғысын видео арқылы, статус арқылы білдіріп отырады. Міне, сондай жастарды теріс ағымдағы адамдарды бірден қармағына түсіндіреді. Материалдық жағынан көмектесуге тырысып, «Мен саған Алла жолын түсіндірейін», - деп өздерінің ұйымдарына тартады.
Соғыс ошағында қалып қойған қазақстандықтарды елге қайтару бір күндік жұмыстың нәтижесі емес. «Жусан» операциясы тек елдің қауіпсіздік тарихында ғана емес, халықаралық деңгейдегі ауқымды шараның бірі болды. Ең бастысы, миссия орындалды. 600 адамның аман-есен атамекенге оралуы – соның дәлелі. Десе де ДАИШ-тың қатарында әлі де 30-ға жуық қазақтандық бар. Сирия түрмелерінде тағы 15 шақты отандасымыз отыр.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Әлібек Әлиев, Бақытбек Нұртаев