Пандемия басталғалы Балқаш көліне келетін туристер 50% азайған
Ал көкше көлдің жағасында орналасқан шалғайдағы шаһарды түлетудің бір тетігі осы туризм еді. Соңғы жылдары бұл салаға құйылған қаржы аз емес. Бірақ соған қарамастан қазір қонақ үйлер мен шипажайлар қаңырап бос тұр.
Алмагүл Әбілдинова – қаладағы ең үлкен қонақ үйдің иесі. Осыдан 3 жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен 50 миллион теңге несие алып, кәсібін ашқан. Жергілікті 30 адамды жұмыспен қамтыпты. Бірақ былтырдан бері демалушылар саны күрт азайып, жұмысшылар санын екі есеге қысқартуға тура келген. Табыстан қағылған соң, несие төлеу де қиындап кетіпті.
Алмагүл Әбілдинова, кәсіпкер:
- Демалыс берілгенмен, несие сомасы азаймайды. Ол одан сайын көбейе береді. Уақыты қысқарғанмен, төлейтіні көбейіп жатыр. «Орындар, жұмыс көзін ашып, қаланы көркейтеміз» деген адамдарға, қолдау көрсетсе екен деп үміт артамыз.
Осы жылы қалада туризм бағыты бойынша 160 миллион теңгенің 5 бірдей жобасы жүзеге аспақ. Соның бірі – Дария Сейтеннің демалыс орны. Жуырда нысан іске қосылады. Бірақ ол карантин кәсібіне тұсау бола ма деп қорқады.
Дария Сейтен, кәсіпкер:
- Қонақтар үшін вакцина салынған-салынбағанын тексереміз. Бүкіл құжаттарын тексереміз, ПТР алынса, оны да тексереміз. Сол карантинге байланысты жұмыс істейміз.
Соңғы 10 жылда туризм саласы қаланың негізгі табыс көзі болды. Жыл сайынғы өсім шамамен 10% жетті. Тіпті 2018-2019 жылдары мұнда келетін туристер саны 9 мыңға жеткен.
Ахан Жүсіпов, Приозерск қаласы Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Салыстырмалы түрде тоқталатын болсақ, 2019 жылы туризм саласынан түскен түсім 100 миллионды құрады. Тек 2020 жылы шектеу іс-шараларына байланысты 50% дейін түсіп кетті.
Туризмді дамыту үшін әуелі инфрақұрылымды жақсарту қажет. Биыл қаланың 65 жылдығына орай Балқаш көлінің жағалауын көркейтуге 33 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Бірнеше кәсіпкерлік нысандар ашылмақ.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев