Қызылорданың өркениеттен тыс қалған аудан тұрғындары жергілікті биліктен көмек сұрайды
Интернет желісінің жоқтығы туралы айтпаса да түсінікті. Кезінде күріштің алқабы болған Қызылжарма каналының арғы бетінде орналасқан аумаққа жедел жәрдем мен өрт қызметінің көліктері де бара алмайды. Өйткені бетон көпір опырылайын деп тұр.
Бұл – қаланың шетінде орналасқан шағын аудан. Ал Көпір жоқ болса, демек қаланың шетінде орналасқан мекенге қоғамдық автобус та қатынамайды. Тұрғындар осы мәселелерге 20 жылдан бері жергілікті биліктің назарын аударта алмай келеді.
Қамбар Бекенов, тілші:
- Бұрын бұл аумақтар күріш алқабы болған. Кейін жер телімдері инфрақұрылымсыз халыққа беріліп, жаппай үй салынып кеткен. Қазір енді жөні түзу жол, сапалы ауызсу сұраған тұрғындар қала әкімдігінің табалдырығын тоздырып жүр.
Қаланың шет аймағы саналатын шағын аудан тұрғындары ауызсуды тасып ішеді. Өйткені су құбыры толық жүргізілмеген. Бағаналарды қолдан тұрғызып, электр желісін өздері тартып алған. Жол атымен жоқ. Жыңғыл-шеңгелдің арасымен әркім сүрлеу салып алған. Ақмаржанға өтетін өткел апатты жағдайда. Көлік түгіл жаяу жүргінші әупірімдеп жүреді. Барлық мәселелерді тізіп тұрғындар қала әкіміне бірнеше мәрте барған. «2018, одан 2019 жылы төсейміз деген тас жолдың әлі салынатын түрі жоқ», – дейді арыз иелері.
Мұхамедия Абылаев, қала тұрғыны:
- 2020 жылы тағы болмады. Жол комитетінің өкілі келіп, әлі смета дайын болған жоқ, сметаны Астанаға бекітеміз, олар қабылдағаннан кейін 2021 жылы ақша бөлінсе саламыз деп уәдесін беріп ол кетті.
5 баланың әкесі Ерлан Елемесов кішкентайларын балабақшаға бере алмай отыр. «Өйткені бұл жермен маршрут түгіл такси жүрмегендіктен қатынау қиын», – дейді. Ал үлкендерін 2 шақырым жердегі мектепке жаяу апарып келеді екен.
Ерлан Елемесов, қала тұрғыны:
- Есіктің алдына дейін шибөрі келеді. Екі итім солармен қырылады да жүреді. Есіктің алдында арақ ішетіндер жүреді, неше түрлі адамдар жүреді. Бала-шағаң болған соң уайымдайсың. Қыз бала үшін тіпті қорқасың.
Ашулы ақмаржандықтардың арыз-шағымын арқалап, салалық мекеме мен әкімдікке біз де бардық. Жергілікті билік өкілдері биылға тек 3-4 көшеге тас төселеді, су мен электр желілерін жүргізу алдағы жылдардың еншісінде дегенді айтты.
Мұхитжан Кәрімбаев, «Қызылорда электр тораптарын тарату» АҚ басқарма төрағасы:
- Қаланың құрылыс бөлімі жоба-сметалық құжаттарын дайындап, қазір экспертизада жатыр. Ол қаражат келесі жылға бөлінетін шығар. Ол жерде әрі кетсе, 3 шақырымдай электр желісі болатындай ондай үлкен аудан емес. Тұрғындар үйлерін соққаннан кейін, тоқ бермей отыра алмаймыз. Бірақ үлкен техникалық шығын көріп отырмыз.
Ержан Қалдыбеков, қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Толық құрылыс жұмыстарына қаражат бөлініп, мердігер мекемесі анықталып, осы жыл малта тас жол құрылысы аяқталатын болады. Жас алаш көшесіне жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге қаражат қаралып, әзірленуде. Ал ауызсу мәселесі бойынша жоба іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Ол аяқталғаннан кейін тиісті мекемеге бюджеттік өтінім ұсынылады.
Биыл тұрғындар өздері тартып алған 41 шақырымдық электр желілерін талапқа сай етіп ауыстыру үшін 250 миллион теңге бөлінген. Бірақ бұл жұмыстар «Арай», «Қызылжарма» және «Титов» шағын аудандарында жүргізіледі. Ал ақмаржандықтар үшін инфрақұрылымның игілігін көретін күн алыстау секілді.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов, Айтмұхамбет Бәйділдаев