Атырау-Астрахань автомагистралі жолаушылардың жолын байлап тұр
Былтырға дейін олар «Атырау-Астрахань» жолаушылар пойызымен қатынайтын. Автобус жүрмейді. Пандемия басталғалы шекара жабылып, теміржол қатынасы мүлде тоқтап қалды. Енді Құрманғазы, Исатай аудандарының тұрғындары жекеменшік такси иелеріне жалынып күн кешуде. Жолдың нашарлығын желеу еткен таксистер тасымал ақысын екі есе көтеріп жіберген. Жергілікті билік облысішілік жолаушылар пойызын шығаруды қолға алғанымен, игі бастама аяқсыз қалыпты.
Бұл – қарақұрым халық Құрманғазы селосынан облыс орталығына көлік күткен жолаушылар. Алыс ауылдарда түстен кейін көлік күту қателік. Себебі күннің ыстығы мен жолдың нашарлығын желеу еткен такси иелері сапарға шығуға құлықсыз.
Зинетолла Уахитов, Құрманғазы селосының тұрғыны:
- Жолымыз қашық, жағдай нашар. Мына такси жүргізушілері бір күні 5 мың, бір күні 4,5 мың теңге адам басынан жинайды. Оған кейбірінің жағдайы тартады. Кейбірінің қалтасы көтермейді. Өте қиын. Мына пойызды жылда айтады да қояды. Бір жыл болды.
Мүтиғолла Ғани, жолаушы:
- Балам жұмыстан келе жатқан еді. Түнгі 00:00-ге дейін тұрып, ертесіне бірақ келді. Кешке осында келген адам әрі қарай кете алмайды.
Бұл жағдайдан жергілікті билік жақсы хабардар. Алайда ауданаралық автобус қатынасы болмағандықтан, жолақысын реттеуге қауқарлары жоқ көрінеді.
Нұрлыбек Қадіров, аудан әкімінің орынбасары:
- Қоғамдық көлік ұйымдастыруға қазір жолдың сәйкес келмеуіне байланысты ұйымдастыру мүмкін болмай отыр. Бірақ такси жүріп тұр.
Ендігі үміт тек қана теміржол қатынасында. Исатай, Құрманғазы аудандарындағы елді мекендер теміржолды бойлай орналасқан. Арада 7 станса мен бекеттер бар. Егер пойыз жолға шықса, көп мәселе шешімін табар еді.
Ерлан Сәрсенғалиев, «Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ бөлім басшысы:
- Қазіргі таңда облыстық әкімдіктің «Атырау-Д.Н» стансасы арасында теміржол қатынасын ұйымдастыру туралы қаулысы қабылданып, басқарма тарапынан субсидия бөлу үшін бюджеттік өтінім жолданды. Осыған орай қолданыстағы заңдылықтар аясында тасымалдаушыны анықтау үшін конкурстық рәсімдер өткізіледі. Конкурстық рәсімдеу шамамен бір айға жуық уақытты алады.
Көпшілік күтіп отырған облыстық маслихат сессиясы осы айдың 25 жұлдызына белгіленіпті. Содан соң конкурстық рәсімдеу басталады. Жолаушылар пойызының қашан қатынайтыны әзірге белгісіз.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов