Ақтау көшелерінде иесіз жүрген жылқылар жасыл желекті таптап жатыр
Саябақтағы жасыл желекті отап, көгалды таптап тастаған. Әлеуметтік желіде жергілікті тұрғындар осылай деп дабыл қақты. «Жүгенсіз жануар көлік қозғалысына да кедергі келтіріп жатыр», – дейді. Ал әкімдік өкілдері енді мал иелеріне салынатын айыппұл мөлшерін көбейтуге ұсыныс енгізеді.
Иесіз жылқылар қаланың қақ ортасындағы 6-шағын ауданда жайылып жүр. Көше бойын жағалап, тал-терекпен қоректенуде. Дәл осындай көріністі тұрғындар «Ақбота» саябағында, 1-ші, 8-ші, 20-шы шағын ауданда көріп, бейнежазбаға түсірген. Тұрғындардың айтуынша, даладан қорек таппаған қылқұйрықтылар қаланың көркін бұзып, қоқыс қалдықтарын шашып тастайды. Онсыз да жасыл желекке жарымаған қаладағы көкті отаған мал иелерін жазалауды ұсынып отыр. Жергілікті билікке бұл мәселе жақсы таныс. «Жылқылар жақын маңдағы Мұнайлы, Ақшұқыр және Өмірзақ ауылынан келеді», – дейді. Сондықтан сол маңға 4 топты қарауылға шығарып, жолдың шетіне ой қазған. Ай сайын 100-ден аса жылқы қамалады.
Серік Гусман, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары:
- Бірінші мәрте болса, ескерту, қалған жағдайда әкімшілік жаза қарастырылған. Биыл ғана 30 әкімшілік хаттама толтырылды. 3 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін қаржылай айыппұл төлеуге міндеттеледі. Мал иелері әлі күнге дейін өкінішке орай, немқұрайлылық танытып, үй жануарларының қала аумағына кіріп кетуі жиі болып тұр. Сондықтан негізгі жолы бұл жерде – айыппұлдың санын, құнын көбейту.
Қораға қамалған жылқының иесі 6 айға дейін келмесе, малды әкімдік өз меншігіне ала алады. Жем-шөпке шыққан шығынды өтеу үшін етін бордақылау комбинатына жібереді. Айта кетейік, биыл жазық далада шөптің жоқтығынан жылқылар қырылған болатын. Шаруалар шығынға батып, биліктен көмек сұрады.
Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев