Қарағанды шаруалары субсидияға сусап отыр
Оның үстіне биыл егін бітік шықпай, шығынға шаш етектен батқан. Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері: «Әзірге қазынада ақша жоқ», – деп отыр. Шыдамы таусылған шаруалар қазір үкіметке хат дайындап жатыр.
Қазақстан фермерлері қауымдастығының мүшесі Ерлан Оспанов биыл 1500 гектар алқапқа егін егіп, өте аз өнім жинаған. Ол аздай тыңайтқыш, тұқым, техникаға берілуі тиіс субсидияға қол жеткізе алмай келеді. Айтуынша, қазір Осакаров ауданы бойынша 50-ге жуық диқан көмек қаржыны ала алмай отыр. «Қолдау» порталын күнде қарайды, ақшадан еш хабар жоқ.
Ерлан Оспанов, Қазақстан фермерлері қауымдастығының мүшесі:
- Ауыл шаруашылығы техникасы құнының 25%, ал гербицид пен тұқымға жұмсалған қаражаттың 50% мемлекет қайтаруы тиіс. Алайда міне, жыл аяғы таяп қалды, әлі күнге ақша жоқ. Диқандардың көпшілігі субсидияға сеніп, қомақты несие алған. Енді сол тыңайтқыш пен техникаларды берген компаниялар қарызды өтеуді талап етіп жатыр.
Қарағанды облысы бойынша биыл ауыл шаруашылығын қолдауға барлығы 17 миллиард теңге субсидия қаралған. Оның 3 миллиардтан астамы диқандарды қаржыландыруға бөлініпті. Бірақ бұл ақша жетпей қалған. Енді тағы қосымша 1 жарым миллиард теңге керек. Оған қоса, техникаларын жаңартқандарға 4 миллиард теңге бөлінуі шарт.
Сырым Бошпанов, облыстық Ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Министрлікке қосымша хат жолданған. Енді сол министрлік тарапынан қаржының болуын күтіп отырмыз. Төленеді, енді бұл жаңа қағидаға сәйкес алған тыңайтқыштар мен пестицидтерге 12 ай мерзімінде қайтарылып беріледі. Осы төртінші тоқсанда алған тыңайтқыштардың құнын біз келесі жылға дейін қайтаруға мүмкіндігіміз бар.
Соған қарағанда диқандар көмек қаржыға жуырда қол жеткізбейтін сияқты. Оның үстіне жергілікті билік шығынға шаш етектен батқан шаруаларға тұрақтандыру қорына бидай өткізуді сұраған. Ең сорақысы, олар өнімді нарықтық бағадан өте төмен бағалаған.
Ерлан Оспанов, Қазақстан фермерлері қауымдастығының мүшесі:
- Біріншіден қазір бидайдың нарықтағы құны 100-115 мың теңге шамасында. Ал бізге 75-80 мыңға өткізіңдер деп отыр. Маңдай термен жиған астығын кім арзанға өткізгісі келеді. Сондықтан біздің тағы бір талабымыз – тұрақтандыру қорына өткізетін бидайдың бағасын сәл көтерсе.
Ал ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері: «Тұрақтандыру қорына диқандар астықты ерікті түрде тапсырады, ешкім мәжбүрлемейді», – деп отыр. Биыл қорға 16 мың тонна бидай жинау керек. Қазір тек 1600 тонна өткізілген. Бұлай жалғаса берсе, өңірде әлеуметтік нан тапшылығы туындауы мүмкін.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев