Балықшылар жылдық квотаны орындай алмай отыр
Биыл балықшыларға бөлінген квота бойынша Жайық-Қиғаш өзені мен Каспий теңізінен 30 мың тонна балық аулануы тиіс еді. Алайда жоспардың үштен бірі ғана орындалды. Өйткені өзеннің суы тартылып, ұлы теңіздің арнасы алыстап барады.
Күзде облыс балықшылары жылдық қорын жинап алатын. Бірақ биылғы кәсіп нәсіпсіз болғалы тұр. Ала жаздай айдынға ау жайған кәсіп иелері еңбектерінің еш кеткеніне налиды. Өзенде су деңгейі төмендегендіктен, теңізде балық жоқ.
Ғаббас Мұратов, балықшы:
- 250 метр ауға 30 келі балықтың шамасында шығып тұр. Ол кәсіп болмайды. Күндегі жағдайымыз осы. Бұрын 4-5 тонна шығатын. Су болмаса, кәсіпсіз қаламыз.
Жайық өзені бойында 11 кооператив кәсіп құрып отыр. Биыл түсім нашар. Су деңгейінің төмендігінен бұрын балық ауланатын кейбір тартымдар жабылып қалған. Барының өзі көңіл көншітпейді. Ал Каспий теңізіне шығуға жол жоқ. Жарты метрге дейін таяздаған теңіз тамағынан өту мүмкін емес.
Амангелді Ахтанов, «Дамбы» балық қорғау инспекциясының бас маманы:
- Биыл Жайықтың деңгейі 2 метрдей түсіп кетті. Он күн бұрын солтүстіктен соққан желдің бағытынан Жайықта да, теңізде де су деңгейі төмендеді. Осы жерден теңізге қарай үлкен карабльдер де, кішкене қайықтар да шыға алмай тұр.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Квота бойынша Атырау балықшылары Жайық, Қиғаш өзендерінен 30 мың тонна су маржанын теруі керек еді. Бірақ әзірге ауланған балық көлемі 8 мың тоннадан аспайды. Алайда бұл – осы күзгі-көктемгі тартым. Балықшылардың ендігі үміті – 2022 жылдың көктемі. Бірақ су деңгейі көтерілмесе, ол үміт те ақталмайтын сыңайлы.
Ал Жайық-Қиғаш бойындағы 17 балықшы кооперативінде мыңдаған адам нәпақасын тауып келген. Бағалы бекірені айтпағанның өзінде Каспийдің қаракөзі мен көксеркесіне шетелдерден сұраныс әлі күнге жоғары. Тек сол тапсырысты орындауға табиғат мүмкіндік бермей тұр.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев