БҚО-да су тасқынына орай төтенше жағдай жарияланды
Тек Батыс Қазақстан облысының 4 ауданындағы ахуалға орай төтенше жағдай жарияланды. Бұл өңірде 140 үй мен, 2 әлеуметтік нысан суға кеткен. 700-ден аса адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Көрші аймақ – Ақтөбе облысында да жағдай осындай. Қар суынан қала маңындағы Жіңішке, Песчанка және Қарғалы өзендері тасып, жақын орналасқан үйлер мен саяжайларды басып қалған. Эвакуацияланған тұрғындар қазір төрт мектеп пен бір спорт кешенін паналап отыр.
Күннің күрт жылынып, қардың еруінен Батыс Қазақстан облысындағы автокөлік жолдары мен Қаратөбе, Шыңғырлау, Жәнібек Бөрлі, Тасқала, және Теректі аудандарындағы тұрғын үйлерге залал келді. Тасқыннан ең көп зардап шеккен Жақсыбай ауылында 97 үйге су кірген. Қазір тасқынның беті қайтты. Бірақ 53 үй әлі судың ортасында тұр.
Шыңғырлау ауданына қарасты Ақбұлақ ауылында осыған ұқсас жағдай. Өлкедегі Шоқтыбай, Талдысай және Қайыңды мен Алмаз ауылдарына апарар жолдарды су шайған. Құтқару қызметі Кеңтүбек ауылдық округіне қарасты Мақтарал ауылын да назарда ұстап отыр. Шаған мен Деркөл өзендері тасуы мүмкін деген болжам бар.
Тасқын зардаптарын жоюға облыста 2 миллиард теңге қаржы қаралған. Волонтерлік штаб құрылып, зардап шеккен ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін есепшот та ашылды. Ауыл тұрғындарының шығынын арнайы құрылған комиссия мен тәуелсіз сарапшылар есептейді.
Ернұр Өтегенов, БҚО ТЖД бастығы:
- Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылында су сору жұмыстары жүргізілуде. Қаратөбе бойынша суды сөткізу Қалдығайтыда өткізілуде. Бөрлі ауданында қазір су деңгейі қауіпті деңгейде болғандықтан, бақылауды күшейттік. Тасқала, Бәйтерек аудандарында қар бар. Сол қардың әсерінен Деркөл өзеніндегі судың деңгейі көтерілуде. Гидропосттар тұрған жерлердің есебін алсақ, судың деңгейі тәулігіне 50 сантиметрден жоғары көтеріліп отыр.
Тілепберген Қаюпов, БҚО әкімінің орынбасары:
- Шығынға ұшыраған тұрғындар 30 күннің ішінде өтініштерін аудандық комиссияға ұсынуы қажет. Аудандық комиссия тәуелсіз бағалаушыларды апарып, зардап шеккен тұрғындардың үйлерінің күрделі немесе жай жөндеуге жарайтынын, болмаса орнына басқа үй салып беру туралы шешім шығарады. Аудан бюджетінде қаражат жетіспеген жағдайда, облыстық ТЖД арқылы бюджетке ұсынылады.
Ал Ақтөбе облысындағы жеті елді мекенмен қатынас үзілді. Себебі барар жолды су шайып кеткен. Өңір орталығының жанынан ағып жатқан бірнеше өзеннің тасуынан 113 саяжай үйіне су кірді. Салдарынан 260-қа жуық жан әзірге төрт мектеп пен бір спорт кешенінің ғимаратын паналап отыр. Олардың жартысынан астамы – бала. Ал қала билігі ахуалдың бақылауда екенін айтып, әзірге төтенше жағдай жариялауға ерте дейді. Дегенмен су басқан үйлерді қалпына келтіру үшін комиссия жұмыс атқарады.
Асхат Шахаров, Ақтөбе қаласының әкімі:
- Жұмыс тобы қазір не істейді? Зардап шеккен үйлерге барып, кемшіліктерді анықтап немесе шығындар болса, оны акт арқылы бекітеді.
Павлодар облысында қар суы басқан Рождественка ауылындағы жағдай тұрақталып келеді. Бірнеше күн бұрын сайдан келген су 30-дан астам шаруашылық нысаны мен бір жекеменшік үйге зақым келтірген еді. Қазіргі уақытта оқиға орнында құтқарушылар тобы жұмыс істеп жүр. Су топыраққа сіңіп, жағдай тұрақталған соң келтірілген шығын көлемі есептеледі. Ал үйлерін су шайып кеткен тұрғындар жергілікті билік ұсынған басқа баспаналарға көшіріледі. Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста қар суы басуы ықтимал ауылдар саны көбейді. Ақтоғай ауданының Шұға, Шолақсор, Павлодар ауданының Даниловка, Аққулы ауданының Қазы ауылдарына су кіруі ықтимал.
Олег Крук, Павлодар облысы әкімінің орынбасары:
- Шолақсор ауылының маңындағы Сілеті өзенінде мұз еріген жоқ. Қазіргі уақытта алдын алу шаралары қолға алынды. Мамандар тобы мұзды жармайды. Бөліп-бөліп сындырып жатыр. Алдағы уақытта қар еріп жатқан Май және Баянауыл аудандарын әуеден бақылаймыз.
Жалпылай алғанда, бірқатар өңірде көктемгі тасқынның беті қайтқан. Енді зардабын жою жұмыстары қолға алынбақ. Ол үшін әр облыста түрлі орган өкілінен комиссиялар құрылған.
Авторы: Әнуарбек Мырзатайұлы