Семей тұрғындарының 68,21% астамы өз таңдауын жасады
Эльмира Ахметова, тілші:
- Семейде бүгін күн райы бұзылып, жауын шашын болып тұр. Дегенмен бұл дауыс берем деушілерге ешқандай кедергісін келтіріп жатқан жоқ.
Референдум барысында кішкентай баласын еріткен ата-аналар да, қариялар да ерекше белсенділік танытып жатыр. Ал біз тұрған № 260 референдум учаскесі бұл күнді нағыз мерекеге айналдырды.
Ұлттық аспаптар оркестрі күмбірлеген күй шертіп, келушілерге айрықша көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар 18-ге енді толып, алғаш дауыс беру құқығына ие болған семейліктерге осы учаске тарапынан естелік сыйлықтар табысталды. Дауыс берушілер қатарында бұрынғы «Елім-ай» футбол клубының мүшелері де болды. Олардың арасында спорттық кездесу өткізген Самат Смаков та бар.
Самат Смаков, футболшы:
- Кеше осы өңірге спорттық кездесуге келген едік. Енді туған өлкеме арнайы келіп тұрып, осындай шараға қатыспай кетіп қалу деген дұрыс емес. Сондықтан референдумға қатысып, өз дауысымды бердім.
Дауыс беру учаскесінде келушілерге барлық мүмкіндік жасалған. Тіпті референдумға қатысушылардың денсаулығы нашарлап кеткен жағдайға арнайы медициналық пункт те жабдықталыпты.
Имдат Эфендиев, № 260 референдум комиссиясының төрағасы:
- Бүгінгі референдум – халық үшін өте маңызды оқиға. Меніңше, бұл тарихи сәт. Біздің референдум учаскесінде қазіргі уақытқа дейін халықтың 40% дауыс берді.
Шаһарда кембағал, жүріп-тұруы қиын жандардың дауыс беруіне ерекше көңіл бөлінді. Ондай азаматтар саны 3000 екен.
97 жастағы соғыс ардагері Матвей Юрченконың үйіне дауыс беру жәшігі жеткізілді. Осылайша, Украина майданына қатысқан, атқыштар полкінің жауынгері ардагер ақсақал референдумда өз дауысын берді. Айтуынша, ол өмір бойына осындай саяси шаралардан тыс қалып көрмепті.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов