Ахмет Байтұрсынұлының үйі неге сүрілді?
ЮНЕСКО көлемінде тойланатын шаралар қыркүйек айында Алаш қайраткерінің туған жері Жангелдин ауданында аталып өтіледі. Бірақ дайындық жағы тым баяу. Ел мен шетел қонақтарын қызықтыратын нысандар дайын емес. Солардың бірі – Ахметтің кіндік қаны тамған үйі. Өткен айда киелі нысан жермен жексен болып, орнына жаңасы тұрғызыла бастады. Алайда құрылыс жұмыстары «сапасыз» деп танылып, дереу тоқтатылды.
Жақсыбек Әбдісалық, Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны:
- Мына жерде Ахметтің бұрынғы үйінің ізі болған. Іргетасы қара саманнан, кесектен салынған еді. Міне, қарап отырсаңдар, жобасы осы жерден басталды. Мына жерде пешпен бөлінген еді. Сол пешпен бөлінген бұрышта біздің Ахмет атамыздың үйіндегі әжеміз осы жерде Ахмет атамызды дүниеге әкелді-ау деп өзіміз ойлайтын едік. Астан-кестені шыққан. Ізі де, дымы да қалмаған. Ахметтің ең соңғы ескерткішінен айырылып қалып тұрмыз.
Жермен жексен болған аумақта былтыр екі бөлмелі үй тұрған. «Ұлт ұстазы Сарытүбектегі осы баспанада дүниеге келді», – дейді жұрт. Оны ескерткіш ретінде тұрғындар 2009 жылы бастапқы кейпіндегі іргетастың үстінен салған.
Данияр Сұлтанұлы, тілші:
- Ұлттан да, ұлы ұстаздан да ұят болды деген осы. Аймақ тағы бір киелі нысаннан айырылды. Тура бір ай бұрын Ахмет Байтұрсынұлы туған үй толық бұзылды. Биыл Алаш арысының 150 жылдық мерейтойы десек, мақтан тұтарлық ешқандай ескерткіш қалмаған.
Биыл мамыр айында үй қайта жаңғыртылады деп шешілді. Тендер жарияланып, мердігер жұмысқа кіріскен. Бірақ 22 млн теңгенің құрылысы орта жолда тоқтап қалды. Нысанда сапасыз материалдар пайдаланғаны туралы бейнежазбалар әлеуметтік желіге тарап, дау шықты. Қабырғасына деген құм блоктары көпке шыдауы екіталай еді.
Жауапсыз мердігермен келісім екі жақпен үзілген. Оған бір тиын да төленбегендіктен, іс сотқа жетпейтін болды.
Ерлан Қалмақов, Мәдениет басқармасының басшысы:
- Саман кірпіштен қайта құйылған үй. Былайша айтқанда, көріксіз, заман талабына сәйкес келмейтін, ары қарай қалпына келтіруге мүмкіндігі жоқ үй болатын. Ол дәл Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі емес. Соның іргесінің негізінде көтерілген үй. Ауыл адамдарының айтуы бойынша қаланған үй. Сондықтан біз оны Ахмет Байтұрсыновтың туған үйі жер бетінен ысырылып тастады деуге келмейді. Тарихи шындыққа жанаспайды.
Қазір сүрілген аумақ тегістеліп жатыр. Жаңа үйдің құрылысы жобаланып қойған. Қыркүйекке дейін салынып бітуі тиіс.
Әділбек Иманғалиев, Жангелдин ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:
- Жоба бойынша 149 шаршы метр. Тұрғын үйді музей үй етіп, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Жобасы 20 маусымда алынады. ПСД-ны жобалауға 1,2 млн теңге демеушілер атынан істеледі. Ал енді үйдің құны 37 млн боп тұр. Экспертизаға дейін енді ол өзгереді әлі.
Кәдіржан Бөрібайұлы, Ақкөл ауылының тұрғыны:
- Құлаған зат қайтып тұрмайды ғой. Қанша зарлағанымен, ол қайтып келмейді. Ендігі салатын адам дұрыстап, көрнекі қылып салса екен. Аз ақша бөлінген жоқ.
Ал Ахаңға арналған кесене керісінше сапалы әрі қымбат Жаңаөзеннен әкелінген теміртастан салынып жатыр. Ақкөл мен Ахмет ауылы халқының бастамасымен 10 млн теңгеге екі аптадан кейін тұрғызылып бітеді. Алыстан көз тартатын нысанның аумағы 70 шаршы метр болады. Биіктігі 7 метрден асады.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров