Тауарлы балық өсірушілерге қолдау көрсетілмек
Сондықтан мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама әзірленіп, тауарлы балық өсірушілерге үлкен қолдау көрсетіліп жатыр.
Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мамандарының айтуынша, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында заңсыз балық аулаған 74 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 15 қылмыстық іс сотқа жөнелтіліп, 6 адамға қатысты үкім шықты. Заңбұзушыларға 6 миллион теңгедей айыппұл салынған.
Ринат Кумашев, Облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:
- 6 ай қорытындысы бойынша, заңбұзушылардан мемлекет пайдасына 6 мың тоннаға жуық балық, 94 балық аулауға тыйым салынған ау-құралдар және 12 қайық тәркіленді. Балық ресурстарына келтірілген залал үшін 25 миллион теңгеден астам сомаға талап-арыз берілді.
Базар аралаған жан сазан, амур, көксерке сияқты балық түрлерінің бағасы төрт түлік малдың етіне теңелгенін өте жақсы біледі. Жұртты «Ол неге күрт қымбаттап кетті?» деген сауалдың мазалайтыны түсінікті. Жауап біреу. Соңғы жылдары еліміздегі балық қоры бірнеше есе азайды. Тығырықтан шығар жол – жабық және ашық тоғандарда тауарлы балық өсіру. Есіктегі ханбалық шаруашылығы өткен жылы уылдырықтан патшабалық шабағын өндірумен айналысатын зауытын күрделі жөндеуден өткізді. Онда жылына 10 миллион шабақ өндіріледі.
Мәрлен Тұрсынәлі, кәсіпкер:
- Бұл жерде төрт адам ғана жұмыс істейді. Былтыр күрделі жөндеуден толық өтті. Қазіргі жағдайда өзінің қуаттылығымен жұмыс істеп жатыр. Негізгі бұл жердегі біздің міндетіміз – өзіміздің отандық балықты өсіру.
Президенттің тікелей тапсырмасымен Қазақстан 2030 жылға дейін 300 мың тоннадай тауарлы балық өндіріп, балық қорегін шығаратын бес зауыт салуы тиіс. Бұл бағытта балық өсіру мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, жүзеге асып жатыр. Алайда маман тапшы.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті гранттық негізде балық шаруашылығы бакалаврларын даярлау ісін тоқтатты. Аталған саланы дамыту үшін біздің елімізге білімді, білікті мамандар қажет. Университет басшылығы мұны неге түсінбейді?», - дейді кәсіпкер.
Мәрлен Тұрсынәлі, кәсіпкер:
- Қазақ ұлттық университетіндегі балық шаруашылығы бөлімінің жабылуы, мемлекеттен гранттың бөлінбеуі өте үлкен күрделі сұрақ болып тұр. Өйткені қазір маман жоқ болса, бұл мамандықтың ары қарай дамуына күмәнмен қарауға болады.
Мәрлен Тұрсынәлі Көлсай көлдері мен Нарынқолдағы тау өзендерінен жабайы ханбалық тұқымын аулап әкеліп, уылдырығынан шабақ өндіреді. Қазір олардың салмағы 2 грамға жетіп қалды.
Алматы облысында тауарлы балық өсірумен айналысатын 30-ға жуық кәсіпорын бар. Олар өткен жылы 6 мың тоннадан астам тауарлы балық өндірді. Биыл бұл көлемді 8 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Алматы облысының аумағында балық шаруашылығына қатысты 12 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асып жатқанын да айта кетейік.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев