Ойын алаңдары ортақ па?
Жекеменшік балабақша тәрбиеленушілеріне көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласындағы ойын алаңдарында ойнауына бола ма? Көп жағдайда тұрғындар мен пәтер иелері кооперативтері оған жол бермеуге тырысады. Олардың бұл әрекеті қаншалықты заңды? Жекеменшік балабақша иелері Астана қаласындағы кәсіпкерлер палатасына келіп, осы мәселені көтерді. Бүгінде елордада 350 жекеменшік балабақша бар. Олардың көбі көппәтерлі тұрғын үйлердің коммерциялық бөлімдерінде орналасқан. Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, заң бойынша мұндай балабақша тәрбиеленушілеріне тұрғын үйдің ойын алаңдарын еш кедергісіз пайдалануына болады.
Самал Айтқожина, мектепке дейінгі білім саласындағы кәсіпкер:
- Бізде коммерциалық нысан болған соң, оның ауданы пәтерлерден шамамен 4-5 есе үлкен. Үйдің жалпы шығындарын есептегенде сәйкесінше біз бірнеше есе артық төлем жасаймыз. Алайда кей тұрғындар мен пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері көп жағдайда жекеменшік балабақша тәрбиеленушілерінің ойнауына қарсылық білдіріп жатады.
Бейсен Жолболдиев, Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры:
-Жеке балабақшалар өз қаражатына тиісті жабдықтарды орнатуға дайын. Оны да айтып жатыр. Одан бөлек, қолданғаннан кейін егер тозып қалса, сындырып қойса, енді бала болғаннан кейін оны қадағалау қиын ғой, сол сындырып қойған жағдайда, оны қайта қалпына келтіру бойынша жұмыстарды жасауға өздеріне алып жатыр.