Жаңаөзенде газ жарылысы салдарынан баспанасыз қалған азаматтарға уақытша пәтер беріледі
Оқыс оқиғадан соң, төтенше жағдай комиссиясы құрылып, тексеру басталған. Комиссия мүшелері бір топ тұрғынмен кездесіп, оларға қолдау көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ жергілікті мұнай компаниясының ұжымы бір күндік еңбекақысын зардап шеккендерге көмек ретінде аударатын болды. Қазір сарапшылар жарылыс себебін анықтап жатыр. Апаттан зардап шеккен 3 адамның жағдайы ауыр. 51 жастағы ер адам кеше тікұшақпен Ақтауға жеткізілді. Тағы екі науқас Жаңаөзен емханасында ем қабылдап жатыр. Біреуінің аяғына операция жасалды.
Жаңабай Аймағанбетов, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары:
-Зардап шеккен тұрғындарды үймен қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік көмек беру жергілікті атқарушы органына жауапкершілігі деп бізге тапсырма берілді. Күні кеше олар өздерінің туысқандарының үйіне кетті. Егер де тұратын үйі болмаса, оларды уақытша баспанамен қамтамасыз етеміз. Сосын әрі қарай үй алып беру мәселесін де талқылайтын боламыз.