Қарағандыдағы «Күнгей-3» тұрғындары жеті жылдан бері жарықсыз отыр
Қарағанды қаласындағы Күнгей-3 ықшам ауданының тұрғындары жеті жылдан бері жарықсыз отыр. Көмек сұрап, жергілікті билікке сан мәрте хат жазған. Бірақ нәтиже жоқ. «Жауапты мамандар құрғақ уәдемен тойдырып келеді» деп налиды. Ауданды жарықпен қамтуға не кедергі?
Үш баланың анасы Әлия Халелова 7 жыл болды жарықсыз отыр. Күн батареясын қолданады. Оның қуаты бір бөлмені бірер сағат жарықтандыруға ғана жетеді. «Ал тұрмыстық техникаларды мүлдем ұмытқан, қаңтарылып тұр. Ең қиыны, қыста пеш жағу», — дейді.
Әлия Хәлелова, қала тұрғыны:
-Қаланың іргесінде тұрып свет жоқ. Үтік пайдалана алмаймыз. Телевизор пайдалана алмаймыз. Холодильник темболее, бізге жазда өте қажет. Акиматқа жаздық. Көрші-маңай болып жиналып та жаздық. Жыл сайын бізге уәделерін береді. Әлі берген жоқ. 2017 жылдан бастап тоқсыз келе жатырмыз.
2016 жылы отызға жуық отбасы дәл осы ауданнан жер сатып алып, жаппай үй салып тастаған. Ол кезде заң талабы басқа, әкімшілік инфрақұрылымы тартылмаған жерлерді үлестіре берген. Енді зардабын халық тартып отыр.
Марат Мұсатаев, қала тұрғыны:
-Мына жағы түгел, үшінші кезек, бәрі светсіз. Бер жағы тек горкомхозстрой светпен отырған. Қалған үйлер түгел жарықсыз отыр. Айтқан бітіреміз деп, 2020 жылы бастаған, 2021 жылы тоқтады. Екі жыл созылып отыр. Подстанция жоқ, подрядчик болған жоқ.
«Тұрғындардың талабынан соң осыдан үш жыл бұрын мұнда тоқ тарту жұмыстары басталған. Алайда аяқсыз қалды. Оны жалғастыруға қазір қазынада қаржы жоқ», — дейді жауапты мамандар.
Темірлан Талдыбаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
-Қаражатқа байланысты біз шектелдік. Қазіргі таңда біз қала басшылығына сәйкесінше өтінімдер береміз, қаражатты ұлғайту бойынша. Егер мәселе оң қаралса, онда Күнгей-3 қарастырылады міндетті түрде. Ал қазіргі таңда мен жыл соңына дейін жарықтандыру болады деп айта алмаймын.
Биыл қала көшелерін жарықтандыруға бюджеттен 700 миллион теңге қаржы бөлінген. Бірақ Күнгей ауданы бұл тізімге де ілікпей қалыпты. Енді тағы бір жыл тоқсыз отыруға тура келеді.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар