Алматы көпір құрылымдары зауытына 60 жыл толды
Осы уақыт аралығында компания тек Қазақстанның ғана емес ТМД елдеріндегі жетекші кәсіпорындардың біріне айналды. Кәсіпорын басшылары: «Жетістіктің сыры – сапалы өнімде»,-дейді. Сондай-ақ мемлекеттік институттардың жеңілдетілген несие түрінде жасаған көмегін де айта кеткен жөн.
Аумағы ат шаптырым жерді алатын зауытта тіршілік қайнап жатыр. Зауыт жол, көпір, туннельдермен ұшу-қону жолақтарына қажетті темірбетон конструкцияларының 360-тан астам түрін шығарады. Жылдық өнім 170 мың текше метрден асады. Тауар сапалы болған соң сұраныс та жоғары. Компания Батыс Еуропа-Батыс Қытай, Нұрлы жол секілді сүбелі мемлекеттік жобаларға қатысты.
Шухрат Шардинов, «АЗМК GROUP» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы:
- Бес жылда негізгі өндіріске 4,5 млрд теңгеден астам қаржы салдық. Бірнеше инновациялық желіні іске қостық. Соның бірі 42 метрлік ТБН типті көпір арқалықтары. Оны 2018 жылы өндіріске енгіздік. Бұл арқалықтар еліміздегі 72 көпірге салынды. 42 метрлік ТБН типті арқалықтар көпір құнын 30% дейін арзандатуға мүмкіндік береді.
Қазір Үлкен Алматы айналма жолын түркиялық және кореялық компаниялар салып жатыр. Сол компаниялар Алматы көпір құрылымдары зауытынан жол құрылысына қажетті 2 мыңнан астам арқалық сатып алған. Сондай-ақ Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мен Қытай компанияларынан да сұраныс бар. Жас мамандардың өсіп-өнуіне де жағдай жасалған.
Мадияр Әбілқайып, зауыттың цех басшысы:
- Практикант ретінде келгенмін бұл зауытқа. Осы зауытта практика өтіп жүріп маған ұсыныс түсті. Осы қалыптау цехінің шебері болуға. Шебері болып 3-4 жыл жұмыс істедім осы жерде. Одан кейін мені осы қалыптау цехінің басшысы ретінде ұсынды. Мен ол ұсынысты қабыл алдым.
Алматыдағы зауыт еліміздегі ірі салық төлеушілердің бірі. Жыл сайын кәсіпорын мемлекеттік бюджетке 1,5 млрд теңгеден астам салық төлейді.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов