Еліміздегі ең бойы ұзын полиция қызметкері Қарағандыда тұрады
Алып денелі азамат спортпен кәсіби тұрғыда айналысады, каратэден спорт шеберлігіне үміткер. Қазір ол облыстық Полиция департаментінің арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасында инспектор болып еңбек етеді. Тәртіп сақшыларына жауынгерлік күрес тәсілдерін, қару қолдануды үйретіп жүр. Ерекше кейіпкердің есімі кім, бойының ұзындығы қанша?
Дәмір Сыздықовтың бойы — 1 метр 99 сантиметр. Қазақстандағы ең ұзын полиция қызметкері. Ал салмағы — 115 келі. Бірақ соған қарамастан ол өте епті, қимылы ширақ. Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасында тәртіп сақшыларын жаттықтырады. Тек жауынгерлік күрес тәсілдері мен қару қолдануды ғана үйретпейді, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін жетілдіреді.
Дәмір Сыздықов, Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының инспекторы:
-Кішкене қиындау. Бойы кішкентай адамдарға қарағанда әрбір жаттығу қиын беріледі. Бірақ сонда да төзу керек, шыдау керек. Қиындығы негізінен жарақат аласың. Қолың ұзын болған соң дұрыс құламай қаласың. Жүгірген кезде кішкене аяқ ауырады. Бірақ оның бәрі спорт. Қатты зақым келтірмейді.
Алып денелі азаматтың Ішкі істер саласында еңбек етіп келе жатқанына 10 жылдан асыпты. Ең қиыны қызметтік киім табу екен. Үлкен өлшемді бергенімен, үнемі шалбардың балағын ұзартуға тура келеді деп қынжылады. Ал аяғының өлшемі 45, оңай табылатын көрінеді. Дәмірдің екі бірдей дипломы бар, жоғары білімді. Оны өзге полкта еңбек етіп жүрген жерінен басқарма басшылары аттай қалап, шақыртып алған.
Ринат Сүттібаев, Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының басшысы:
-Осының алдында патрульдік полиция полкінің қызметкері болған. Сол жерде қызмет атқарып, дене шынықтыру бойынша, атыс даярлығы бойынша сабақтарға келген кезде өзіміз Дәмірді байқадық. Оның денесі, бойы, өзінің дайындығы, осының алдында ол каратэмен, баскетболмен айналысқан, спорттық дәрежелері бар, кандидат мастер спорта. Сондықтан көзге түскеннен кейін біз оған ұсындық. Ол келісіп, сол жұмыс істеп жатыр.
Дәмір — каратэден спорт шебері. Бірақ соңғы жылдары қоян-қолтық ұрыста өзін сынап жүр. Жақында спорттың осы түрінен Ішкі істер министрлігінің кубогі үшін жарыс өтпек. Қарағандыдан 8 адам қатысады деп жоспарланған. Қазір сол сайысқа дайындық басталып кетті.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар