Алматыда төртқабатты үйдің тұрғындары газ баллонын қолданып отыр
«Қауіпті болса да, мәжбүрміз»,-дейді тұрғындар. Себебі пәтерлердегі газ плиталарына көгілдір отын қосылмаған. «Ас дайындап, шәй ішу үшін өмірлерін қатерге тігіп отырған 42 отбасы жергілікті әкімдік мәселемізді шешіп берсе»,- дейді.
Құлжа тас жолының бойында орналасқан мына үй 60 жыл бұрын салынған. Тұрғындардың айтуынша, алғашқы кезде ғимарат жапсарлас орналасқан автобазаның жылу жүйесіне қосылған. Автобаза жабылған соң ыстық суы да, жылуы да өшіріліпті. «Баспанамызды мұржасы бар темір пештермен жылытқан кездер де болды», - дейді тұрғындар. 5 жыл бұрын әкімдіктің көмегімен үйді жылытуға арналған жеке жылу қазандығы іске қосылыпты. Бірақ қазандықтан газ плиталарына көгілдір отын жүргізілмеген, ыстық су жүйесі де қарастырылмаған.
Ерзат Сыдықов, тұрғын:
- Сұмдық қой мынау 40 бәленбай квартираға үлкенді-кішілі баллонды тасып жүреді. Оның бәрі ескі. Кей кезде газдың иісі шығады. Кейде бәрі форточкаларын ашып, далаға шығып жүреді.
Бибібәтима Әбдешова, тұрғын:
- Менің мына жерде балам тұрады. Соны ойлап тамақ ішпей жүрмін. Менің арманым – газ орнатса деймін. Өте қиналып жүрміз, бір күні атылып кете ме деп жанымыз шығады.
Бір қызығы, бұл үй «Халық арена» спорт кешенінің дәл түбінде орналасқан. Қаланың сәулетті орындарының бірі саналатын жерде көпқабатты тұрғын үйде газ баллонын қолданады дегенге сырт адамның сенуі қиын.
Алайда 42 отбасы өз өмірлерін қатерге тігіп, тыйым салынған қауіпті газ баллонын қолдануға мәжбүр. Бұл жәйттан жергілікті әкімдік хабардар. Алайда олар: «Көгілдір отынға қосылу тұрғындардың өз қолында», - дейді.
Азат Кәкетаев, Медеу ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
- КазТрансГаз аймақтың айтуы бойынша олар өздері заявкасын беріп, КазТрансГаз-ға технический условиесін алып, сол технический условиеге сәйкес өздеріне тамақ пісіруге газын жүргізіп алуға мүмкіндіктері бар.
Мәселе қаражатқа келіп тірелетіні анық. Газбен жабдықтайтын компанияның айтқан сомасын төлеуге тұрғындардың қалтасы жұқа. Ал әкімдік өкілдері апаттың айтып келмейтінін ұмытқан сыңайлы. Ешқандай басқару органының балансында жоқ тұрғын үйде газ баллоны жарылмасына кім кепіл? 200 жуық тұрғынның қауіпсіздігіне кім жауапты?
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев, Сержан Жұмабаев