Алматыда қисайған үйлер қалпына келтірілді
Алматыда «Зерделі» ықшам ауданындағы отыз үй толық нығайтылды. Бірнеше жыл бұрын мұндағы кейбір үйлер қисайып кеткен еді. 9 қабатты үйлер мемлекеттік бағдарлама бойынша шамамен 10 жыл бұрын салынған. Алғашқы жылы-ақ қабырғаларына сызат түсіп, пәтердегі есік жақтаулары жарылып, үйлер қисаяды. Бірақ тұрғындарды көшірместен, ғимараттарды күшейту туралы шешім қабылданады. Жүргізілген жөндеуден соң мамандар көпқабатты үйлер адам тұруға жарамды деген қорытындыға келді.
«Зерделідегі» тоғыз қабатты үйлер 2012-2016 жылдардың аралығында салынған. Құрылыс аяқталған соң бұл жерге тұрғындар жайғасып, қоныс тойын атап өтеді. Көп ұзамай алғашқы үйлер қисая бастайды. Одан кейін өзге үйлердің тұрғындары да дабыл қағады. Мамандардың зерттеуінен кейін «Зерделідегі» 30 үйді күшейту туралы шешім қабылданады. Енді міне, ғимараттардың іргетасы жөнделіп, үйлер түзетілді.
Ақбала Айжанова, қала тұрғыны:
- Бұл негізі асығыс соғылған үйлер ғой. Анау айтқандай дұрыстап соққан дұрыс қой. Екі ортада бәрі ипотекаға алғаннан кейін қиналады.
Әсем Жаңқабаева, қала тұрғыны:
- Жан-жақтан қазып, түгел промывать етті. Цементтер жіберді үлкен аппараттармен әкеп. 7 см қисайды, 3 см қисайды дейді. Бірақ мен оны байқамадым. Қазір әйбат, жақсы.
Талғат Усманов,қала тұрғыны:
- Жалпы жұмыс жасалынды. Нәтижесі бар. Бірақ өте ұзақ. Өте ұзақ жасайды.
Күшейтілген үйлер пайдалануға жарамды. «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының» мамандары осындай қорытынды жасаған. Қала әкімдігі де ғимараттардың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық деп құрылыс нормаларына сай екенін растап отыр.
Айдар Нұрғожаев, қалалық құрылыс басқармасы жетекшісінің орынбасары:
- Бүгінгі таңда құрылыс басқармасы көпқабатты 30 үйдің алдын бояп, аумақтағы абанттандыру жұмыстарын да бітірді. Сонымен қатар 2022 жылы осы жерде аяқталмай тұрғын екі үй бұзылды. Олардың орнына саябақ ашу жоспарланып отыр.
Ал біраз жыл сары уайымға салынған тұрғындарға жағдай жасау үшін ықшам ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, мектеп пен колледж салу қарастырылған. Олардың құрылысы басталып та кетті.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ғафу Уәли, Радик Жакупов