Жамбыл облысында қанша егіннің күйіп кеткендігі белгілі болды
Су тапшылығынан Жамбыл облысында қанша егіннің күйіп кеткендігі белгілі болды. 560 га жерге егілген көкөніс шықпай қалды. Енді шығынға ұшыраған шаруаларға өтемақы беру жайы қарастырылып жатыр. Ал Өзбекстан мен Қырғызстан өкілдері трансшекаралық суды пайдалану бойынша БҰҰ келісімі сақталмайтынын айтып отыр.
Еске салсақ, биыл бастауын Өзбекстаннан алатын Сырдария өзеніне де су аз түсті.
Егісі қураған шаруалардың барлық шығыны 3,5 млрд теңгеден асып кетті. Бұл жайында аймақтағы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы мәлімдеді. Қазіргі есеп бойынша 347 шаруа қожалық зардап шеккен. Жалпы облыста 7800 га егілген қант қызылшасы, дәндік жүгері мен көкөніс, бақша дақылдары қурап қалды. Ең көп зардап шеккен Қордай мен Байзақ аудандарының диқандары. Су жетпей, облыстағы Мерке ауданындағы 25 ірі қожалықтың 1000 га егісі қурап қалған.
Сансызбай Иманбетов, шаруа:
- 25 га еккенбіз ғой. Соның мысалға бәрі шықпай қалды да, қайтадан пересев жасадық повторно. Жүгері ектік, жүгеріміз де шықпай қалды. Пәленбай тиын жұмсадық оған. Сол қаражатқа бізге көмек сұраймыз.
Қазір арнайы комиссия құрылды. Аудандардағы қураған алқаптарды аралап зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал шығын көлемі Қазақ ғылыми-зерттеу институты бекіткен технологиялық карта бойынша есептелуде. Өткен аптада аймаққа сапарлаған Үкіметбасы Әлихан Смайылов шаруалар шығыны мемлекет есебінен өтелетіні айтқан еді.
Нұрби Жігітеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Қазір әлі тексеру, зерделеу, анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Аудандарда комиссия құрылған. Вегетациялық кезең әлі жүріп жатыр. Негізгі мынау қант қызылшасы жүгері көкөністер әлі суды қажет етеді. Осы тамыз қыркүйек айында. Сондықтан ары қарай тағы да бізде осындай күйіп кету қаупі бар. Сондықтан әлі жұмыстар жүріп жатыр.
Жамбыл облысы жылда суармалы судың 80% Қырғызстаннан алып келген-тұғын. Биыл Киров су қоймасынан 560 млн текше метр тіршілік нәрін алуға келісімге келген. Бірақ бұл мөлшер 200 млн текше метрге кем болды. Қырғызстан тарабы Қазақстанға берілетін су ағынын азайтуын Қырғыз тауындағы мұздықтардың ерімеуімен байланыстырады. Министр Зульфия Сүлейменова жағдайдың күрделі екендігін мойындап отыр. Қырғыз Республикасынан су алудың арнайы кестесі бар, бірақ тамыздың 10 бері су берілмей келеді. Қоймадағы ресурстар таусылған. «Суды ішкі бөлуде де проблема бар»,- дейді министр. Қазір прокуратура су ұрлау фактілері бойынша тексеру жүргізіп жатыр.
«Қырғыз еліндегі Орто-Тоқой су қоймасында тек 22 млн текше метр ғана су қалған, бұл былтырғыдан 130 млн текше метрге аз»,- дейді мамандар. Токтоғұл су қоймасындағы сақтаулы судың көлемі де былтырғыдан 3 млрд текше метрге төмен. Бұған табиғи тапшылықтан бөлек жаһандық климаттық өзгерістер де себеп. Қырғыз үкіметі аграрлық секторда суды үнемдеу бағдарламасын дайындап жатыр.
Ақылбек Жапаров, ҚР Министрлер кабинетінің Төрағасы:
- Біздің елде жалпы пайдаланылатын судың 70% ауыл шаруашылығына жұмсалады. Сол себепті суды тиімді тұтыну ауадай қажет.
Қызылордалықтар да дәл осы ту тапшылығы кесірінен күріш егуді 67% 50% қысқартуға мәжбүр болды. Соның өзінде шаруалар судан таршылық көріп отыр. Бастауын Өзбекстаннан алатын Сырдария өзеніне де су аз түсті биыл.
Өзбекстан экологтары трансшекаралық өзен суын пайдалану және сақтау жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының келісімі Орталық Азияда еш орындалып жатқан жоқ деп есептейді. Тіпті өзеннің жоғарғы ағысындағы Тәжікстан мен Қырғызстан құжатты мақұлдамаған. Түрікменстан болса, Әмудария бойындағы тіршілік нәрін аса ірі мөлшерде егінге пайдаланады.
Вадим Соколов, Халықаралық Аралды құтқару қорының Өзбекстандағы жоба жетекшісі:
- Әмудария бойынша Ауғанстан халықаралық келісімдерге қосылмай отыр. Трансшекаралық өзенді олар да өздігінше пайдаланады. Қазір Аралға байланысты айтар болсам, Өзбекстан аумағындағы айдынға қажетті судың тек 50% барып жатыр. Жол бойы ресурс барлық тараптың қажеттілігіне қолданылады.
Мамандар Өзбекстан мен Қазақстан бірлесіп, Орталық Азияда су ресурстарын үнемдеп пайдалану ортақ келісім жасауы тиіс деген байлам айтады. Ол құжат тараптарға біркелкі жауапкершілік жүктеуі тиіс.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Рауан Мыңбаев, Бақыт Чермашев