Елордада бесінші белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылмақ
Елордада зейнетке шыққандардың саны 120 мыңға таяған. Аға буын өкілдері уақытын тиімді өткізу үшін қаланың 4 ауданында белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Жуырда бесіншісі ашылмақ.
Майраш Әбдірахманова 2017 жылы инсульт алған. Бір қолы қимылсыз қалған соң сурет салмақ түгіл, қолына қайта жан бітерін елестетпеген де еді. Бірақ бүгінде бәрі басқаша. Келіні белсенді ұзақ өмір сүру орталығына әкелгелі жүзі жадыранқы, қимылы шапшаң.
Майраш Әбдірахманова, зейнеткер:
- Менің саусақтарым ручканы дұрыс ұстамайтын, қазір міне, жазамын да, сурет саламын. Осы отырғандар бәрі өнерлі. Жасырын өнеріміз бар екен. Менің балаларым қуанады.
Арт терапияның маңызы осында. «Бұл да емнің бір түрі»,-дейді мамандар. Оған Бақтыгүл апайдың оқиғасы да дәлел. Шалғайға арбамен барып, бес уақыт намазын қаза қылмайтын әжей бүгінде екі аяғын нық басады. Әрі орталықтағы бір де бір үйірмеден қалыс қалғысы жоқ.
Бақтыгүл Гүлжахан, зейнеткер:
- Аяқ-қолым жүрмей қалған адаммын ғой. Үш аяқтап жүретінмін шынымды айтсам. Осы жерден екі аяқпен жүрдім. Міне, көріп жатырсыз ғой, ЛФК-ға да өзім қатысамын, биге де қатысамын, айкунеге де қатысамын бар жаққа.
Орталықта 18 қызмет түрі көрсетіледі. Қариялардың сұранысына қарай қызмет түрлері де көбейе, дами түседі. Мәселен, ансамбль құрамындағы ата-әжелеріміз домбыраның құлағында ойнайды.
Райгүл Оспанқұлова, «Әдемі» ансамблінің жетекшісі:
- Ән айтып көрмегендер, басқа мамандықтың иелері бәріміз жиналып осы жерде енді ғана домбыра ұстап жатырмыз. Мына саусағымызды бассақ, мына саусағымыз жетпейді. Қазір қолымыз бәрі ауырғанын қойып, бұл біздің миымызға, біздің денсаулығымызға өте әсерлі. Соны түсіндік. Көңіл-күйіміз де жақсарды. Бұрынғыдай ауруды ұмыттық
Ал мынау би үйірмесі. 70 әжелердің биі, 80 сеңгіріне таяған аталардың жаттығуы – барлығы үйлесімді. Бұдан бөлек мұнда ағылшын және қазақ тілдері курстары, шахмат, теннис те бар. «Зейнеткерлер бұл жерде физикалық белсенділікті айтпағанда, жанға жақын орта табады»,-дейді мамандар.
Нұргүл Талғатқызы, психолог
- Зейнетке шыққаннан кейін болды, мен ешкімге керек емеспін деген күйзеліске түседі ғой көп адамдар. Ал біз орталыққа шақырғаннан кейін зейнеттен кейінгі өмір бар екенін көреді. Өз қатарларын тауып тренгингтерге, көп деген машықтарға, жеке консультацияларға жазылып, ашыла бастайды.
Мәрия Серимова, зейнеткер:
- Түгеліміз бір адамдай күліп, жан-жақтан келген адамдар. Далада жүрсек біз осы адамдармен кездесер ме едік? Қазір қалжыңымыз жарасып, ісіміз біркелкі боп отыр.
Орталыққа күніне 500 жуық зейнеткер келеді. Орын жеткілікті. Себебі әр үйірменің өз кестесі бар.
Ерсайын Галеев, Алматы ауданы бойынша белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшысы:
- Пенсионный куәлік керек, өзінің куәлігі. Сонымен келсе орталыққа, біздің мына ресепшндағы мамандар қабылдап, соның бәрін толтырады. Врачымыз бар, психологомыз бар. Соның бәрін өтеді. Сонымен өзі қызмет алады.
Бүгінде қала бойынша 7000 астам қарт осындай орталықтарға барады. Қазыналы қарттарымыз үшін бұл – денсаулыққа пайдалы әрі көңілге жайлы демалыс.
Авторлары: Дана Әлиева, Таир Мерекенов