Қазақстанда ана мен бала өлімі азайды
Биыл Алматыда ел арасында «УЗИ» аталып кеткен ультра-дыбыстық зерттеу аппараттарын шығаратын зауыт іске қосылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Медицинадағы жыл қорытындысымен бөліскен ведомство басшысы одан бөлек маска, шрпиц және есту аппараттары секілді өнімдерді жасайтын 20 шақты өндіріс ошағы ашылған. Аталған сала үшін 2023 жыл тағы несімен есте қалды?
Денсаулық сақтау – қаржысы қомақты салалардың бірі. Биыл Үкімет еліміздің медицинасына 2,5 трлн теңге бөлді. Салада 78 мың дәрігер мен 180 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Олар биыл ауруханалардың өзінде 3 млн жуық пациентке көмек көрсеткен.
Ал жедел жәрдемге 8 млн адам жүгініпті. Тағы 1 млн астам адам компьютерлік және магнитті-резонансты томографиядан өткен.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Ауқымды жұмыстардың арқасында өлім-жітім 6% төмендеді. Былтырғыға қарағанда нәресте, бала өлімі азайып, 10% төмендеді. Ана өлімі 24% төмендеді. Халықтың денсаулығы жақсарып, өмір жасы ұзарды.
Ал биыл аймақтарда 90 жаңа денсаулық сақтау нысаны салыныпты. Олардың 59 ауылды жерлерде бой көтерген.
Сондай-ақ 80 медициналық мекеме жөнделіп, 4 ауданда көпсалалы орталық аурухана күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.
Айта кетейік, биыл Президенттің тікелей тапсырмасымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске қосылды.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Осы ұлттық жоба бойынша 3 жылда елімізде 600 медицина мекемесі салынатын болады. Соның 99 биыл басталып, қазірдің өзінде 50 астамының құрылысы бітіп, қалған обьектілер жылдың аяғына тапсырылады деп күтіп отырмыз.
Жетістіктермен тоқмейілсуге болмайды. Саланы одан әрі дамыту қажет. Мәселен, қазір дәрігерлердің алдында биылғы жылдың эпидемиясына айналған қызылша ауруымен күресу міндеті тұр. Одан қалды медицинада маман тапшылығы да өте өзекті. Қазір елде 5 мыңнан астам дәрігер жетіспейді. Салдарынан халық сағаттап емес, айлап кезек күтуге мәжбүр.
Жақсылық Досқалиев, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
- Қалай оны шешуге болады? Шешетін жолы бар. Мысалы, жылда 7 мыңдай түлек шығады екен институттардан. Бірақ әрі қарай оларға резидентура деген керек болады. 7 мың бітіреді, 2,5 мыңға ғана Үкімет тарапынан грант бөлінеді. Сонда 4,5 мың бала далада қалды деген сөз.
Яғни басталған іс аяқсыз қалады. «Сондықтан жыл сайынғы 7 мың түлектің толыққанды дәрігер атануы үшін бәріне бірдей грант бөлінуі тиіс», - дейді тәжірибелі маман. Одан бөлек тек міндетті әлеуметтік сақтандыруға ғана сеніп артып отыруға болмайды. Денсаулық сақтау саласынан ақша аямау керек дегенді айтады.
Дамир Берікұлы, Айбын Құсанбеков