COVID-19 кейін не өзгерді?
КОВИД. Бұл сөзді қазір көпшілік ұмыта бастаған сияқты. Күллі әлемді дүр сілкіндірген пандемия адамдардың денсаулығы мен тұрмыс-тіршілігіне едәуір өзгеріс әкелді. Індет әлемді жайлаған тұста сарапшылар сан түрлі сценарий ұсынып, жұртшылықты екіұшты ойға қалдырғаны жасырын емес. Жалпы КОВИД кейін не өзгерді?
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Осыдан бір-екі жыл бұрын мына масканың өзі қажетті бұйымға айналып еді. Тіпті маскасыз жүргендерге үрке қарайтын. Ал осы бетпердені шешкелі көп адам өмір сүру салтын өзгерткен. КОВИД кейін тағы не өзгерді?
Кенжекей Тоқтамұрат көпбалалы ана. Бүгінде жұмысының бәрін онлайнға ауыстырып алған. Пандемиядан соң қашықтан жұмыс істеудің қыр-сырын әбден меңгеріпті. Қазірде фрилансерлердің қызметі қызған. Яғни кеңседе байланып отырмай, бір уақытта бірқатар жұмысты үйде отырып-ақ шыр айналдырады.
Кенжекей Тоқтамұрат, фрилансер:
- Ковид адамға өзінің екінші мүмкіндіктерін ашуға үйретті. Адамға шығармашылық жағынан шекарасыз дамуды үйретті. Мәселен, бұрын басқа қалада жұмыс ұсынса, көшіп-қону, әлеуметтік-экономикалық проблемалар қатар жүретін. Мен Астана қаласындамын. Маған әр қаладан ұсыныс түседі. Мен оны онлайн түрде істеп беремін. Ковидтің пайдасы адамның мүмкіндігі мен жұмысында шекара жоқ екенін көрсетті.
Жалпы әлемді жайлаған індеттен кейін цифрландыру саласы қарқын алды. Сол кезден бастап қызметтердің 90% астамы электрондық форматқа көшті. Мемлекеттік қызметтердің 85% қазір ұялы телефон арқылы қолжетімді.
Айнұр Юсупова, Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары:
- Ковид кезінде бірінші кезекте пайдаланушылардың биометриялық сәйкестендіру жолымен қашықтықтан электрондық қолтаңба беру мүмкіндігі іске қосылды. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін мемлекеттік органдар танымал банк қосымшаларына қызметтерін шығара бастады. Цифрлық мәліметтермен бөлісу қызметі іске қосылды. Бұрынғыдай анықтаманы бір жерден алып екінші жерге тапсырып жатпайсыз.
Коронавирус жалпы денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Вирус әлемнің 114 елінде тарап, 20 млн адамның өмірін жалмады. Әлемді жайлаған індет бізді де айналып өтпеді. Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде 1,5 млнға жуық жан осы дертпен ауырды. Бірақ сырқаттанғандардың саны одан әлде қайда көп болуы әбден мүмкін. Мамандар КОВИД кейін адамдар «Бірінші байлыққа» ерекше көңіл бөле бастағанын айтады. Себебі сарсаңға салған дерттің салдары қалды.
Бақыт Көшерова, ҚР ДСМ бас инфекционисі:
- Короновирусты жеңгендердің көбі қазір денсаулығын бұрынғыдан да күтетін болды. Әсіресе созылмалы дерті, жүрек, қан тамырларында ақауы барлар салауатты өмір салтын ұстануға көшкен. Бұл әлеуметтік зерттеулер барысында анық байқалды. Адамдардың спортқа деген қызығушылығы артты.
Әлем дүрбелеңге түсіп, індетпен арпалысқан тұста қазақ ғалымдары да қарап қалмады. Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі болды. Біздің ғалымдар аз уақытта «Қазвак» екпесін шығарды. «Пандемия аяқталғанымен, бұл дерттің түрлі штаммдары әлі де айналымда жүр», - дейді мамандар.
Мәселен, өзбекстандық ғалымдар жақында ғана коронавирусқа қарсы жаңа вакцина ойлап тапты. Томаvac деп аталатын өнім қызанақ түрінде шығарылған. Яғни оны жеу арқылы адам бойында ауруға қарсы иммунитет қалыптасады.
Забардаст Буриев, геномика және биоинформатика орталығының директоры:
- Томаvac вакцинасын алдымен сынақ ретінде тышқандарға бердік. Мұнан соң еріктілерге де өнімді жеп көру ұсынылды. Тиісті қан талдауларын жасағанда бейтарап антиденелерді көрдік. Иммуноглобулиннің көтерілгені байқалды. Адамдарға еш жанама әсері сезілмеді.
Пандемиядан кейін «қалыпты экономика қайтып келмейді» деп дүрліккендер болды. Алайда адамнан айла асқан ба, көпшілік өмір сүру салтына өзгеріс енгізді. Жұрт қашықтан жұмыс істеп, оқушылар да онлайнға көшкен тұста сауда да электронды форматқа ауыса бастады. Нәпақасын алып-сатудан көріп отырған ағайын ғаламторды сауда алаңына айналдырды.
Қазірде елімізде онлайн сауда-саттық көлемі артып келеді. Жалпы сауданың 13% онлайн жасалатын болған. Тіпті бұған жауапты министрлік арнайы қоймалар салына бастағанын айтады.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Қоймалар ашу Қытайдан Еуропаға және кері бағытта тауарларды одан әрі тасымалдау үшін ірі шетелдік маркетплейстердің тауарларын орналастыруға мүмкіндік береді. Бұл шетелдік тауарларды қазақстандық сатып алушыларға жеткізу уақытын 60 күннен 7 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Бәрін айт та, бірін айт. Жалпы жұрт «Бірінші байлық – денсаулық» екенін түсінді. Қазір «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейтіндер» көбейген. Дене шынықтырып, дұрыс тамақтанатын адамға ауру да жоламайды. Бұл – дәрігерлердің сөзі. Десе де, Ковид толық жан-жақты зерттеуден өтті деген байламды әлі ешкім айта алмайды.
Айнұр Қуатқызы Айдос Меделбеков