Ұлытау облысының Жезді кентінде жас мамандар баспаналы болды
Ұлытау облысының Жезді кентінде бір күнде бірнеше отбасы қоныстойын тойлады. Баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы аналар, мемлекеттік қызметкерлер мен «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушылары бар. Бұл Жезді кентінде соңғы 30 жылда бой көтерген алғашқы тұрғын үйлер. Оны салуға жергілікті қазынадан шамамен 200 млн теңге бөлінген.
Бақдәулет Жарылқасын – Түркістанның тумасы. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша осында жұмысқа келген. Қазір кенттегі мектеп-интернатта математика пәнінен сабақ береді. Жас маман бүгін баспаналы болды. 4 бөлмелі су жаңа үйдің иесі: «Енді ауылдағы ата-анам мен бауырларымды қолыма алам»,—дейді.
Бақдәулет Жарылқасын, Жезді кентінің тұрғыны:
-Үй жақсы. Жастарға жақсы қолдау беріп жатыр әлеуметтік жағдайды көтеруге. Жұмыспен, баспанамен қамтып жатыр. Бойдақпын, бұйырса үйленіп, осы үйді әдемі қылып ұстап отырамыз.
Бақдәулет секілді тағы бірнеше жас маманға пәтер кілттері салтанатты түрде табыс етілді. Әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар мен жас мамандарды баспанамен қамту биыл да жалғасын табады. Себебі соңғы жылдары Жездіге қоныс аударған азаматтардың қатары артып келеді. Былтыр «Оңтүстіктен-Солтүстікке» жобасы бойынша көшіп келген бірнеше отбасы осында қоныс тепті. Бүгінде Ұлытау ауданы бойынша 87 адам пәтер кезегінде тұр.
Аманжол Мырзабеков, Ұлытау ауданының әкімі:
-Маман тапшылығы өте күрделі бізде. Мемлекеттік қызмет саласының өзінде бізде 12 вакансия бос тұр қазір. Соларға жұмыс жасап жатырмыз. Биылғы жылы тағы да осы Жездінің басында үй салу жұмыстары жүреді. Оның сыртында Ұлытаудың басында 36 пәтерлік үш этажды үй салу басталған болатын. Биылғы жылы амандық болса ол аяқталады.
Соғыс жылдары Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен небары 45 күннің ішінде ашылған кент бір кездері аудан орталығы да болған еді. Кейіннен өндірісі тұралап, жұмыс іздеген ағайын өзге өңірлерге кетуге мәжбүр болды. Тек соңғы жылдары ғана біртіндеп жағдай түзеліп келеді. Жақында Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік байланыс негізінде елді мекенде кремний зауыты салынады. Жарты ғасыр жөндеу көрмеген аурухана жаңартылып жатыр. Жыл соңына дейін 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне беріледі.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев