Ұлытау облысының Мыңадыр ауылында әлі күнге типтік үлгідегі мектеп жоқ
Ұлытау облысындағы Мыңадыр ауылында әлі күнге типтік үлгідегі мектеп жоқ. Елдімекендегі 100-ден астам бала бұрыңғы совхоз директорының үйінде оқып жүр. Кабинеті жетпеген соң, білім ошағы 9 жылдық мектеп форматына ауыстырылған. Ұрпақ болашағы үшін заманауи мектеп салып беруді сұраған ауыл тұрғындарының тілегі қашан орындалады?
Жаңаарқа ауданы Ақтүбек селолық округіне қарасты Мыңадыр ауылында 80-нен астам үй бар. Жыл санап тұрғын саны өсіп келеді. Бұрынғы совхоз директорынан қалған мына жатаған үйде қазір 100-ден астам оқушы білім алады. Бала саны артқан соң, оншақты жыл бұрын демеушілер жапсарлас 3 бөлме қосып берген. «Оның өзі таршылық етіп отыр», - дейді мектеп директоры.
Еркін Мұқанов, мектеп директоры:
-Мектепте шеберханасы, спортзалы, акт залы деген ешқайсысы жоқ. Кейде білім стандарттары орындалмай жатады деп айтамын. Қазір енді шағын орталық пен 9-сынып аралығында 120 оқушы бар. Оның ішінде мектеп қабырғасында яғни 1 мен 9-дың арасында 98 оқушы білім алып отыр. 23 ұстазымыз бар.
Білім ошағында оқу бағдарламасынан тыс қосымша сабақ, үйірме жұмысы мүлде жоқ. Аязды күндері оқушылар дене шынықтыру пәнін аядай бөлмеде оқиды. Оқу кабинеті жетпеген соң, 9 жылдық мектеп форматына көшірілген.
Манара Ахантай, Мыңадыр ауылының тұрғыны:
- Баланы 9-дан кейін жібергіміз келмейді. Колледжге жібересің, 10 мен 11-ді оқытатын болсаң, басқа жаққа жібересің. Біреудің үйіне жатқызып, оқытасың дегендей... Қазіргі таңда ешкімнің үйіне біреу барып жатпайды. Сол себепті 11-сыныпқа дейін ашылып, заман талабына сай мектеп салынса дейміз.
Облыстық білім басқармасы болашақ мектептің сметалық құжаттарын дайындап қойған. Аумағы 1 гектар жер телімі де дайын. Бірақ қашан салынатыны белгісіз. Құны 1 млрд 300 млн теңге болатын жобаны жүзеге асыруға облыс қазынасында қаражат жоқ. Сондықтан Үкіметке өтініш жасап отыр.
Маратбек Төребеков, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
-Ол жерге міндетті түрде жаңа мектептің құрылысы қажет. Бүгінгі таңда біз оқу-ағарту министрлігіне өтінім бердік. Егер қолдау тауып жатса, келесі жылдары ол құрылыстың басталуы мүмкін. Алдын ала мақұлданады деген келісім бар.
Облыста тағы бірнеше елді мекенде мектепке қатысты мәселе бар. Мысалы, Қаражал қаласында бір шағынауданның оқушылары өзге мектепке қатынап оқиды. Қызылжар, Түгіскен ауылдарындағы білім ошақтары жартылай апатты деп танылған.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Гүлшахира Серекбаева