Хабар телеарнасы

Қазақстанда тұз бен тәтті сусынның әсерінен болатын ауру мен өлім көрсеткіші артқан

Тұз бен тәтті сусынды байқап қолданыңыз. Қазақстанда бұлардың әсерінен болатын ауру мен өлім көрсеткіші артқан. Отандастарымыз бұл өнімдерді нормадан үш есе артық қолданады. Бұл Сенатта азық-түлік қауіпсіздігне арналған Парламенттік тыңдау өтті. 

Ауру - астан. Заңшығарушы орган Сенатта осы мақал бүгін басты тақырып болды. Мамандардың айтуынша, дұрыс тамақтанбауымыздың салдарынан елімізде жүрек-қан тамыр аурулары, онкология, семіздік, қант диабетіне шалдықандар саны соңғы екі жылда 2-ден 17% дейін өскен. Әр төртінші өлім тап осы сырқаттардан болады. Ал аурудың себебі - майлы тағам, қант пен тұзды көп тұтынатынымыздан.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

-Қазақстанда тұзды жоғары тұтыну байқалады. ДДСҰ тұзды тәулігіне 5 граммға дейінгі тұтынуға кеңес береді. Алайда бұл көрсеткіш елімізде тәулігіне 17 граммға дейін жетеді. 6-9 жас аралығындағы балалардың 17% астамы күн сайын, 50% астамы апта сайын қант қосылған сусындарды тұтынады. Нәтижесінде әрбір бесінші баланың артық салмағы бар.

Азықтану - күнделікті қажеттілік. Мамандар оған қанша ақша жұмсайтынымызды да есептепті. Үкіметтің дерегінше, тұрғындар өз табысының 23% осы мақсатқа жаратады. Ал кей сарапшылар ол 50% дейін жетеді деп есептейді. Қалай болғанда да олардың сұранысына тек сапалы өнім ұсыну қажет. Сондай-ақ ол отандық өнім болғаны жөн.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін түбегейлі шешу қажеттігін айтты. Бұл ретте ең алдымен саланың өнімділігін арттыру аса маңызды. Сонымен қатар өнімдерді өткізу нарықтарын қамтамасыз ету де өзекті сұрақтардың бірі. Агроғылымды дамыту да өзекті мәселе.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Бүгінгі күні біз отандық өндірістің есебінен барлық негізгі азық-түлік тауарларымен 80 пайыздан 100 пайызға дейін және одан да жоғары қамтамасыз етілдік. Тек 5 тауар бойынша ғана импортқа тәуелділік бар. Қант - 42%, ірімшік және сүзбе - 57%, құс еті - 73%, шұжық өнімдері - 60%, балық - 54%.

Тағы бір міндет - өңдеуді дамыту. 2028 жылы оның үлесін 70% дейін жеткізу жоспарлануда. Әсіресе ет, сүт, күріш, жүгері, күнбағыс пен қарақұмық сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге басымдық беріледі. Мамандар: «Азық-түлік қауіпсіздігі кешенді жұмыс»,– дейді. Сол үшін биыл елімізде 14 көкөніс қоймасы іске қосылыпты. Алдағы екі жылда осындай тағы 92 объекті салу жоспарланған.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айбын Құсанбеков