Бүгін біртуар композитор, дирижер, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Дәулескер домбырашының туғанына 100 жыл. Қайталанбас туындыларымен тарихта қалған тұлға, қазақ музыка өнерінің дамуына да өлшеусіз үлес қосты.
Концерттен кейін шаршағаның да, шалдыққаның да барлығы ұмытылып кетеді. Өйткені көрермендер, келген халық риза болып біздің концертке деген үлкен тілегін білдіріп кетсе, біз үшін үлкен қуаныш. Өмірде халықтан артық дүние бар ма?! Сол халық қой бізді Нұрғиса осындай жағдайға жеткізіп жүрген де, осындай оркестрді құрудың өзі де сол халықтың арқасы.
Бұл Нұр-ағаның киелі сахнадан кейінгі шаршау басқан сәті, халқына, көрерменіне деген құрметі, алғысы. Ал халқы сазгерді нұрға бөлеген, шуаққа шомылдырған шығармалары үшін төбесіне көтерді. Оған лайық та. «Аққу», «Әлқисса», «Ата толғауы», «Арман», «Ақсақ құлан» және «Махамбет» күйлерінің қай-қайсысы болсын тыңдарманның жүрек түбінен орын тапты.Нұрғиса Тілендиевтің өнерге келуіне Ахмет Жұбанов себепкер болған екен. Талантты жастайынан таныған Жұбанов оған домбыра сыйлайды. Алғашқы жылдары сахнада серігі болған бала домбыраға Нұр-аға кейін «Дариға» деп ат қояды. Оны ақын Мұқағали өлеңге қосады. «Дариға» домбыра қазір Тілендиевтің музей-үйінде сақтаулы.
Мөлдір Зікірбай, Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музей-үйінің қызметкері:
-Осы домбырамен көбінесе шетелдерде өнер көрсеткен. Яғни бұл бала домбыра, шебері Романенко, 88 жылдық тарихы бар. Қазіргі таңда бұл домбыра Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музей-үйінде құнды жәдігерлерінің бірі болып сақталып тұр.
Нұрғиса Тілендиев есімі «Отырар сазы» оркестрімен қатар аталады. Себебі сазгер өзі оркестрді құрып, оған арнап бірнеше музыкалық шығармалар жазды. Олардың қатарында ұлттың өр рухын, бабалар болмысын беретін «Махамбет» симфониялық поэмасын астын сызып айтуға болады. Бұл құдіретті әуенді тыңдағанда арқаланбайтын қазақ жоқ шығар. Нұр-ағаның дирижер ретінде оркестрді басқаруы да ерекше. Оған іште қайнаған таланттың мінездегі көрінісін қосыңыз.
Асанәлі Әшімов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актер:
-Дипломмен жұмыста домбыраға келіңкіремеген соң алғанда қабырғаға бір ұрған ғой домбыраны. Сондай мінездері де бар, талантына мінезі де келеді. Нұрғисаның мінезі енді еш адамға ала көптік емес. Соған тең келетін, салыстырмалы адам жоқ. Нұрғисаның биіктігі сондай. Сондықтан Нұрғиса мәңгілік қой.
«Атақты «Қыз Жібек» фильмінің үлкен дәрежеге жетуінің бір себебі музыкаға байланысты болды», - дейді Асанәлі аға. Айналасын ұмытып, әр кадрды өне бойынан өткізе отырып жазған екен. Өлмес туындылар осылай шықса керек.
Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов