Соңғы кезде цифрлық құлдық етек алуда. Шетте отырып, еліміздің IT-мамандарына көз салатындардың қатары артқан. 2025 жылы 150.000-нан астам қазақстандық жоғары жалақы іздеп, шетел асқан. Былтыр ҚР Сыртқы істер министрлігі еңбек құлдығынан 20 адамды босатқан. Осыған орай құзырлы органдар өзге елге жұмысқа барарда сақ болған жөн деп ескертеді.
Владимир есімді азамат ашқан кәсібінің нәсібін көре алмай, шығынға ұшырайды. Жұмыс іздей бастағанда алдынан көлденең жарнама көлбең етеді. Телеграм-чат арқылы жұмыс берушіге өзінің IT дағдыларын көрсете отырып, түйіндемесін жолдайды. Оған айына 2500 доллар жалақы, визалық қолдау, тегін ас пен тұрғылықты жер ұсынылады. Осылайша, ол Таиланд еліне бет алады. Алғашында ілтипат көрсеткен қауым, зәулім қонақ үй, көлікпен қарсы алу. Бәрі тамаша көрінеді. Ары қарай көліктен-көлікке ауысып мініп, ұзақ жол жүре бастайды.
Владимир, Семей қаласының тұрғыны:
- Ұялы телефонымызды, төлқұжатымызды алып қойды. Үлкен өзеннен өттік, ол Мьянма екен. Онда баратынымды білмедім. Қару асынғандар қарсы алды. Камера толы биік қоршау ішінде бірнеше үлкен компания орналасқан. Маған осы жерде кибералаяқтықпен айналысасың деді. Яғни адамдарды алдап, ақша бопсалайсың. Шегінерге жол жоқ. Көнбесең, қатаң жаза бар. Кафельде ұйықтатып, күніне 1 стакан су ғана берген кездері де болды. Бір күні қытайлықтардың мерекесі еді. Оңтайлы сәтті қалт жібермей, қолыма телефон алып, консулға жағдайды баяндап, геолокацияны жіберіп үлгердім. Сол кісілердің арқасында қазір өз елімде жер басып жүрмін. Әлі толықтай өзіме келмедім. Мені құтқаруға атсалысқан сол кездегі консул Жеңіс Мәмбетәлиевке алғысым шексіз.
Жат жердің қаршығасынан өз еліңнің қарғасы артық. Иә, көк қағаздың қызығына еріп, айлакердің арбауына түскендер жетерлік. Халықаралық Еңбек ұйымының зерттеуіне сәйкес әлемде 50 млн-нан астам адам еңбек құлдығына тап болған. 2024 жылы 140.000, 2025 жылы 150.000-нан астам қазақстандық жоғары жалақы іздеп, шетел асқан. Былтыр ҚР Сыртқы істер министрлігі еңбек құлдығынан 20 адамды босатқан. Сәуір айында ауқымды операция жүргізілген.
Жеңіс Мамбетәлиев, ҚР СІМ консулдық қызмет департаментінің кеңесшісі
- Бұл операция шамамен 1,5-2 айға созылды. Себебі сол кезде 8-10 мың азамат босатылды. Үлкен операция. Сол кезде елшіліктер таласып, біздің елді бірінші шығарамыз деп. Біз 3 ел Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан бірігіп, 3 аптадан соң Тайландқа әкеліп, әуежайға әкеп, елге аман-есен жібердік. 3,5 жыл ішінде 54 адам босатылды, Лаос, Мяньма, Камбоджа болсын. Оның ішінде 4 жыныстық құлдық, қалғандары еңбек құлдығы.
IT мамандарын арбауына түсірген соң алаяқтар оларды жалған колл-орталықта жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Заңсыз әрекеттен бас тартқандарға күш қолданып, қорқытады. Мамандардың айтуынша, бостандыққа жіберу үшін ірі көлемде қаржы талап еткен жағдайлар да болған. Онымен күресу үшін елімізде біршама іс-шаралар қолға алынып отыр. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон саясатының тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан азаматтары жұмысқа баратын елдермен келіссөздер жүргізуде.
ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің бас сарапшысы:
- Оның бірі Қатар мемлекеті болған, Қатармен 2024 жылы қол қойылып, 2025 жылы заңды түрде күшіне ену, яғни ратификациялау бойынша жұмыстар аяқталды. Одан бөлек, Еңбек министрлігі мен Ұлыбританияның арасында меморандум жасалған. Ол Ұлыбританияға баратын азаматтардың құқықтарын қорғау. Оңтүстік Кореяның EPS деген бағдарламасы бар. Сол EPS бағдарламасына қосу 3 кезеңнен тұрады, Қазақстан қазір 2-кезеңде.
Бүгінде құлдық қару-жарақ пен есірткі саудасынан кейінгі әлемдегі ең ірі көлеңкелі бизнеске айналған. Мұндайға тап болмау үшін құзырлы органдар алдымен еңбек шартына отыру қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ жұмысқа бара жатқан елдің консулдығына немесе елшілігіне ақпар беріп қою да артықтық етпейді. Жұмыс ұсынушы мекемені мұқият зерттеп, оның ресми сайты бар екеніне көз жеткізген жөн. Сондай-ақ жұмыс визасын алу қажет.
Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов