Ақмола облысында мал шаруашылығына берілген 50 млн теңге субсидия жымқырылды

  • 31
  • 04.09.2026, 19:34

Ақмола облысында ірі қара мал санын көбейтуге қатысты заңсыздық анықталды. Себебі асыл тұқымды бұқалар мен аналық малдың саны тек қағаз жүзінде ғана арттырылды.

Аталған іс бойынша Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысы мен жергілікті кооператив директоры күдікті ретінде жауапқа тартылды. Тергеу материалдарына сәйкес, олар ақпараттық жүйеге жалған мәлімет енгізіп, мемлекеттік субсидияны заңсыз алуды ұйымдастырды.

Нәтижесінде алдымен 9 млн тг, кейін жүргізілмеген селекциялық жұмыстар үшін тағы 17 млн тг бөлінді.

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Бұдан бөлек, 4 өтінімде аналық мал саны 3 мың басқа артық көрсетілген. Соның салдарынан тағы 27 млн тг субсидия негізсіз алынды. Мемлекетке келтірілген залал 50 млн тг асты. Кооператив директорына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр.