Алматыда алаяқтарға алданған 28 отбасы баспанасыз қалды

  • 31
  • 04.09.2026, 19:35

Алматыда 28 отбасы алаяқтардың арбауына түсіп, баспанасыз қалды. Олар қаржысын IRIS тұрғын үй кешенінің құрылысына салған. Пәтерлерін алдын ала сатып алып, келісімшарт жасасқан соң өздерін заңды меншік иесі санап келген. Алайда қуаныштары ұзаққа созылмады. Қоныстанатын кезде ғана пәтерлердің өздеріне тиесілі емес екенін біліп, абдырап қалды. Сөйтсе, кешендегі барлық баспана өзге адамдардың атына рәсімделіп кеткен.

Таунхаусқа қаржы салған үлескерлер алдымен құрылыс компаниясының қызметін мұқият зерттеген. Бұған дейін жүзеге асырған жобаларымен танысып, күмәнді ештеңе байқамаған. Содан кейін ғана келісімшарт жасасқан.

IRIS тұрғын үй кешені «Қарағайлы» шағын ауданында орналасқан. Жобаның алғашқы кезеңінде 4 ғимарат салынып, барлығы 28 пәтер пайдалануға берілген. Кешенді Topolov Group серіктестігі жүзеге асырып отыр. Құрылыс 2021 жылы басталып, екі жылдан кейін тұрғындарға кілт тапсырылды. «Ал қажетті құжаттар кейін дайындалады», - деп сендірді.

Мұрат Наурызбаев, қала тұрғыны:

- Бізге кілт 2023 жылы тапсырылды. Мен жөндеу жұмыстарын жүргізіп, отбасыммен осы үйге көшіп келдім. Пәтерді алу үшін ата-анамның үйін кепілге қойып, банк арқылы несие рәсімдедім. Құрылыс салушыға пәтер құнын толық төледім. Қазір осы үйде тұрып жатырмыз, бірақ құжатымыз қолымызға тимеді. Мен 3 баланың әкесімін, отбасымның асыраушысымын, ай сайын несиемді төлеп отырмын.

Мұрат Наурызбаев сияқты тағы 5-6 отбасы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, пәтерлеріне көшіп алды. Өйткені олардың басқа баратын жері жоқ, ал 28 отбасының басым бөлігі баспананың құнын толық төледі. Кейбірі құрылыс басталған кезде қаржы салуға тәуекел етпей, пәтерлерді кейін сатып алып отыр.

Ирина Агбал, қала тұрғыны:

- Құрылыс салушының беделі жақсы болды. Ол туралы бірде-бір жағымсыз пікір естімедім. Мен пәтер сатып алған кезде кешен құрылысының 70% аяқталған еді. Сондықтан сенім арттым. Жөндеу жұмыстарын да бастап кеттік. Кейін тұрғын үй кешенінің банкте кепілде тұрғанын білдік. Құрылыс салушының өзі 22 пәтерді кепілге қойғанын, алтауын инвесторларға сатып жібергенін айтты.

IRIS тұрғын үй кешеніндегі таунхаустардың құны 44 млн-нан 70 млн тге дейін бағаланды. Үлескерлер құрылыс компаниясына 1 млрд 300 млн тг астам қаражат төлеген екен.

Пәтерлердің банкте кепілде тұрғанын білген тұрғындар осы жылдың басында полицияға арызданған. Қазір баспаналарын қайтара алмай, адвокат жалдап, әбігерге түсіп жүр.

Анар Катебаева, адвокат:

- Тұрғындар Қайыр Тополовтың нысанды пайдалануға беру актісін алғанын тек 2025 жылдың мамырында білді. Ал шын мәнінде бұл құжат оның қолында 2023 жылдың желтоқсанында болған екен. Сол кезден бастап ол пәтерлерді өзінің таныстарының атына рәсімдеді. Олар 9 адам, барлығы банктен инвестициялық қарыз алды. Бұл пәтер сатып алушыларға кейін мәлім болды.

Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Іс аясында арызданған барлық 28 азамат ресми түрде жәбірленуші деп танылды. Қылмыстық іс бойынша үш күдікті ұсталып, қазір тергеу изоляторына қамалды. Олардың іс-әрекеттеріне міндетті түрде құқықтық баға беріледі. Бұл іске қатысы бар өзге де азаматтар анықталып, заң аясында жауапкершілікке тартылады.

Қазір аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Осыдан 1,5 ай бұрын тұрғындар мәселені баспасөз мәслихатында да көтерді. Алайда әзірге жағдай өзгермеді. Тергеудің басталғанына 9 ай болды.

Алда қыс мезгілі, үйлерде тек электр энергиясы бар. Жылу мен газ қосылмады. Пәтерлер әрлеусіз беріліп отыр. Қолдарында меншік құжаттары жоқ тұрғындар енді не істерін білмей отыр. Олардың арасында көпбалалы аналар мен зейнеткерлер де бар.

Авторы:Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев