Жаңа Конституцияға сай Парламент «Құрылтай» болып өзгереді

  • 8
  • 22.05.2026, 19:36

Жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарын айқындайтын бірнеше заң Парламентте қабылданды. Алдағы уақытта «Құрылтай» болып өзгеретін Парламент бірпалаталы болады. Оның мемлекеттік билік жүйесіндегі орны, қызмет қағидалары заңмен белгіленді. Ал талқылайтын мәселелері, заң жобалары «Халық кеңесінен» де келіп түседі. Тағы қандай өзгерістер болады?

Құрылтай құрылғаннан кейін заң қабылдау ісі қарқын ала түспек. Себебі талқыға түсетін мәселелер тиісті жұмыс топтарында жүйеленіп, сараланады. Ал органның бірпалаталы болуы уақытты ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Құрылтайда бірпалаталы Парламентте үш оқылымменен бірден Президентке Жарлыққа жолданатын болады. Сонда ең бірінші біздің жететін жетістігіміз біз заңдарды шығаруда уақытты ұтатын боламыз. Бұл бірінші мәселе. Екінші мәселе 145 депутат осы Құрылтайдың құрамында болады. Ол жерде 8 комитет жұмыс істейтін болады.

Құрылтай қарайтын заң жобаларының арасында Халық кеңесінен келетін ұсыныстар болады. Оның да құрылымы, қызметі айқындалды. Ал құрамында этномәдени бірлестіктер және қоғамдық ұйымдардың өкілдері де болмақ. Ең бастысы 18-ге толған азамат болуы қажет.

Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 21 жасынан бастап ұсынайық деген ұсыныстар да болды. Бірақ оны біз 18 жасынан бастап деп заң жобасына ұсындық. Өйткені 18 жас кәмелетке келіп, адамның өзіндік пікір айтуға, ой айтуға, қоғамдық осы мемлекеттің болашағы үшін ой айтуға қабілетті жас қой – 18. «Халық кеңесінің» толық, тең Құрылтайменен, Үкіметпенен тең тұрып сөйлесіп, бірге жұмыс істеуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Жаңа Конституцияға байланысты қазір бірнеше заң жобасы мақұлданды. Оның ішінде, әкімшілік-аумақтық құрылымы және елорданың мәртебесіне қатысты құжаттар да бар. Себебі Астана - мемлекеттік институттар шоғырланған, экономикалық және инфрақұрылымдық даму орталығы.  

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Осы Астана қаласының мәртебесі арқылы біз мегаполистердің жаңа деңгейін айқындайтын боламыз. Яғни бұл цифрландыруға байланысты, архитектуралық мүмкіндіктер, дизайн, код мәселесі сияқты жаңа дүниелер енгізіліп отыр.

Қабылданған жаңа Ата Заңға сәйкес адам құқығы, бостандығы басты назарда болады. Одан бөлек, адам капиталын дамыту мақсатында білім, ғылым, инновациялар саласында реформа болуы мүмкін. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Сүлейменов