Алматыда үстел теннисінен халықаралық турнир өтіп жатыр

  • 28
  • 04.09.2026, 19:45

Алматыда үстел теннисінен халықаралық турнир өтіп жатыр. WTT Contender Almaty 2026 байрақты бәсекесіне әлемнің 19 елінен 100-ден астам әлемдік үстел теннисінің үздіктері қатысып жатыр. Турнирдің жалпы жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайды. Күн тәртібінде ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сындағы матчтар, сондай-ақ жұптық санаттағы кездесулер де бар. Жарыстың ең тартысты сәттері әлі алда күтіп тұр. 

Ертең аралас жұптық сында жартылай финал мен ақтық сайыс өтеді. Ал 6 қыркүйекте барлық санат бойынша жеңімпаздар анықталады. «Бұл турнирдің салмағы басым, сондықтан мұнда тіркелген әрбір нәтиже, спортшылардың әлемдік рейтингтегі орнына тікелей әсер етеді», - деп ұйымдастырушылар жарыс ережесін түсіндірді.

Жанерке Көшкімбаева, үстел тенисінен Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы:

- Әйелдер арасындағы жұптық сында біз қазақстандық қыздарды бірінші раундта ұтып, екінші раундта жапондық спортшыларға ұтылдық. Жапон елі үстел теннисін жоғары деңгейде ойнайтын елдердің бірі, олар техникалық және тактикалық жағынан бізден басым түседі. Бірақ біз үшін бұл керемет тәжірибе болды. 

Кристиан Карлссон, Wtt Contender турниріне қатысушы:

- Бұл маңызды турнир, WTT Contender сериясындағы жарыстардың маңызы біртіндеп артып, Олимпиада деңгейіндегі бәсекеге жақындап келеді. Мұндай әрбір турнир спортшылар үшін өте маңызды, Қазақстанға осыдан 3 жыл бұрын да келгенмін. Маған бұл ел қатты ұнайды. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр.