Телефонға телмірген заманда кімдер кітап оқиды?
Бүгін - Халықаралық кітап сыйлау күні. Бұл мерекені 13 жыл бұрын Біріккен Ұлттар ұйымы бекіткен. Қоғамдық саясат институты жүргізген сауалнамаға сәйкес қазақстандықтардың 80% кітапты оффлайн оқығанды жөн көреді. 9% оқулықтарды онлайн оқыса, 6% аудиокітаптар тыңдайды. 5% тіпті кітап оқымайтын болып шықты. Жалпы бұл сауалнамаға 220-ға жуық адам қатысқан. Желі дамып, телефонға телмірген заманда кімдер кітап оқиды?
«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген нақыл сөздің әлі күнге дейін құндылығы жоғары. «Себебі адамзат баласына керектінің бәрі кітапта»,– дейді Төре Нұрасыл. Ол 6 айда 12 кітап оқиды.
Төре Нұрасыл, 6-сынып оқушысы
-Мен кітаптарды сыйға алғанды жақсы көремін. Маған ата-анам және де апам кітаптарды көп сыйлайды. Жалпы туған күндерімде басқа емес, кітап алған ұнайды. Менің соңғы оқыған кітабым – «Сүйекші» кітабы. Екі күнде бітірдім. Гарри Поттердің барлық бөлімдерін оқып шықтым. 6-шы бөлімін 6 күнде бітірдім.
Төренің ұстазы – Дінара Тұрсынбек. Күнде сынып оқушыларымен бірге кемінде жарты сағат әдеби кітап оқып, талқылайды.
Дінара Тұрсынбек, мұғалім:
-Барлық сыныпта түскі үзіліс уақытында 30 минут кітап оқу сағаты бар. Әртүрлі әдеби кітаптар оқимыз. Негізі осы қазақ әдебиетіннен бастадық. Ай сайын оқылған кітаптан жарыстар өткізіліп, жеңімпаздарға сыйлықтар беріледі. Жыл соңында қорытынды сыйлықтар болды. Статистика бойынша орта есеппен Жапонияда жылына бір адам 20-25 кітап оқиды екен. Соның әсерінен Жапония қылмысы ең аз ел. Халқының 100 пайызы сауатты.
«Кітап оқимын деген адамға ешқандай шектеу жоқ. Мәселен, туғаннан көру қабілетінен айрылған 66 жастағы елорда тұрғыны Аманжол Ақзамов аудиокітап тыңдағаннан гөрі, қолмен оқығанды жөн көремін»,– дейді.
Аманжол Ақзамов, қала тұрғыны:
-Французша және қазақша Мұхтар Әуезовты оқимыз. Менің көбінесе жақсы көріп оқитыным, мынау көтерме кран, құрылыс техникасы соларды оқығанды тәуір көремін. Гаджеттен аудио кітапты тыңдап отырмыз ғой. Желательно Брайль кітабын сыйласа. Соңғы рет «долгая зима» деген кітапты алғанмын.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кітапхана қорында 21 мың кітап бар. Оның 2 мыңы ғана брайль қарпінде. Ал 5 мыңы аудиокітап. Мекеме басшысының айтуынша, мұнда тұрақты 500-ден аса ерекше оқырман бар.
Қуантай Абдусамат, көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана басшысы:
-Брайль қарпіндегі бірнеше мәселе бар. Ол кітап қорының ескіруі. Ең бірінші, Қазақстанда үлкен көлемде басып шығаратын типографияның жоқтығы. Біз ол мәселені өз күшімізбен оқырман сұранысын қанағаттандыру мақсатында кітапханаға принтер сатып алған болатынбыз. Біз кітапты басып тарата алмаймыз. Бізге әртүрлі жанрдағы кітаптар келеді. Соңғы оқырман сыйлаған кітаптардың бәрі көркем әдебиеттер.
Былтыр елімізде 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып бекітілді. Жауапты маманның айтуынша, екі айдан кейін Республика көлемінде ауқымды іс-шаралар жоспарланған.
Алмас Мырзахметов, ҚР МАМ архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің басқарма басшысы:
-Република бойынша бір апталық шара өтеді. Әр күн, әртүрлі тақырыптарға арналады. Сол күні ұлттық кітап байқауы қорытындыланады. Үлкен халықаралық көрме өтеді.
Айта кеткен жөн, елімізде басталған ауқымды «Бірге кітап оқиық» жобасына бірінші блогер-журналист Санат Ілияс пен журналист Жаңабике Қабылда Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романын Берік Уәлиге жолдаған болатын. Енді Президенттің кеңесшісі-баспасөз хатшысы өз кезегінде «Ұшқан ұя» кітабын таңдап, эстафетаны Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға берді.
Авторлары: Диана Қадыр, Болотбек Табалдиев