23 сәуірде елімізде ұлттық кітап күні аталып өтіледі. Осыған орай ашық есік күндері мен түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылады. Биылғы мереке қарсаңында қазақша-орысша-ағылшынша фразеологиялық сөздік жарыққа шықты. Әдістемелік құралдың авторы — Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ілеспе аудармашы Камал Әлпейісова. Еңбек мемлекеттік тілдің еларалық қатынастарда қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған. Оқырманның тіл байлығын арттырып, үш тілде еркін сөйлеуге, шешендік өнерді игеруге таптырмас құрал. Автор кітаптың қазақша-орысша бөлігін өзі жазған, ал ағылшынша бағанын шәкірті, Шығыс Англиядағы Норвич университетін тәмамдаған Мерей Мәлікова жазып шыққан. Бұл сөздікке қазақтың 1001 фразеологизмі енгізіліп отыр. Ол 2 мың данамен басып шығарылған. Енді сөздіктің онлайн нұсқасы дайындалып жатыр.
Камал Әлпейісова, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты
- Тіліміздің інжу-маржандары, мақал-мәтелдері, онда біздің халықтың қаншама құндылығы жатыр. Соны басқа ел таныса, білсе деп. Содан Америкаға сапарымда сол жақтағы талантты жастарды көріп, іштен армандадым, осы балалар қазақ халқында мынандай мақал бар деп айтып, ағылшыншасы былай деп айтып отырса ғой деген ойдан туындаған кітап.