«Заң мен тәртіп» апталығы аясында тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілді

  • 33
  • 24.06.2025, 18:35

Ел өңірлерінде заң органдарының өкілдері тұрғындарды қабылдады. Құқығының қорғалуын сұраған азаматтарға прокуратура, полиция және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері кеңес беріп жатыр. Арыз-шағымның көбі қала тазалығы, жылжымайтын мүлік, жұмыссыздық пен басқа да салаларға қатысты.

Айта кету керек, құқық қорғау органдарының халықпен тікелей жүздесулері «Заң мен Тәртіп» апталығы аясында өтіп жатыр.

Түркістанда прокуратура, әкімдік және құқық қорғау органдарының өкілдері тұрғындарды қабылдады. Таңертеңнен түске дейін жүзге жуық азаматқа құқықтық көмек көрсетілді. Көпшілігі жер, тұрғын үй құжатын рәсімдеу, жұмысқа орналасу, білім, денсаулық, алимент төлеу бойынша арызын жеткізген.

Нұралы Қараев, Жаскешу ауылының тұрғыны:

- Түлкібас ауданы Тастұмсық ауылы әкімшілігіне жер мәселесі бойынша арызбен келдім. Антикорға келдім, қабылдады. Рақмет, ризамын. Тағы да дүйсенбі келеміз, шешеміз, қараймыз деп айтты.

Заң өкілдеріне ұлытаулықтардың да сауалы аз болмады. Қаланы абаттандыру мен қоғамдық тәртіптің сақталуына қатысты мәселелер айтылды. Облыста жыл басынан бері 700-ге жуық тұрғын прокуратура органдарына шағым түсірген.

Мирас Сәруар, облыс прокурорының аға көмекшісі:

- Іс-шара барысында жергілікті тұрғындар әлеуметтік көмек, еңбек даулары, жер қатынастары, қылмыстық және әкімшілік істерге байланысты өздерінің мәселелері бойынша заңдық көмек алды. Біздің міндетіміз – әрбір азаматтың өтінішіне мұқият қарап, әділ шешім қабылдау.

Жамбыл облысының прокурорлар халықпен жүздесуді жиі өткізіп жүр. Мұнда ашық есік күні өттті. Мамандар жылжымайтын мүлік, неке және отбасы қатынастары, сот актілерін орындау, әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сауалдарға жауап берді.

Нариман Торабеков, облыс прокурорының аға көмекшісі:

- Прокурорлар әрбір шалғай елді мекендерге шығып, 12 мыңнан аса тұрғын қабылдаудан өтті. Олардың жүйелі мәселелері шешілді. Атап айтар болсақ, Т.Рысқұлов ауданында шаруа қожалығының пай үлескерлерінің жері қайтарылды. Жамбыл ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңадан мектеп ашылды. Қордай ауданында шаруа қожалығымен айналысатын 102 кәсіпкердің прокуратураның араласуымен кепілдік құжаттары қайтарылды.

Ал қызылордалық студенттер мен мектеп оқушылары полиция департаментінің жұмысымен танысты. Жедел басқару орталығына барып, арнайы жасақ сарбаздарымен жүздесті. Жалпы мұндай құқықтық іс-шаралар апта бойы жалғасады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері шалғай аудандарға да барады.