«Жер-2025»: Алматылық құтқарушылар табиғи апатқа дайындығын пысықтады

  • 117
  • 24.07.2025, 18:47

Алматылық құтқарушылар бүгін табиғи апатқа дайындығын пысықтады. «Жер-2025» оқу-жаттығуының желісі бойынша жер сілкініп, кәсіпорында сақталған улы зат төгіліп айналаға қауіп төндірді. Қалада дабыл жүйесі іске қосылып, радио мен телеарналар арқылы хабарландыру жасалды.  

Алматының сейсмикалық қауіпті аймаққа жататыны белгілі. Мұндай оқу-жаттығулары тұрақты түрде өтіп тұрады. Бұл жолы қала іргесінде орналасқан өндіріс орындарының бірінде жойқын жер сілкінісінен соң аммиак құйылған ыдыс бүлініп, улы зат сыртқа төгілген. Мамандардың айтуынша, аммиакты тек қана сумен басу керек. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметінің мамандары келіп, судан перде жасап, улы заттың сыртқа шығып кетпеуі үшін әрекет жасады. Аммиак 4 шаршы шақырым жерге жайылып 20 мыңға жуық адамға қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тез әрекет жасады. 50-ге жуық адам мен 15 техника жұмылдырылып аммиактың сыртқа жайылып кетпеуін қамтамасыз етті. 

Бұл кәсіпорын балмұздақ шығарады. Аммиак өнімді жылдам мұздату үшін қажет. Ол-өткір иісі бар түссіз газ. Тұншықтырғыш қасиетке ие. Ауадан жеңіл. Ал суда жақсы ериді. Атмосфераға тараған кезде түтін шығады. Кәсіпорын қауіпсіздік шараларын барынша сақтап, оны мақсатты түрде пайдаланып отыр.

Есбол Сұлтанов, қалалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

-Қала аумағында осыған ұқсас 4 химиялық қауіпті объекті бар. Жалпы айта кететін болсақ, бұл объектілерде сейсмикалық жаттығулар өткізіліп жатыр. Соның ішінде жаппай адам жиналатын орындарда онда төтенше жағдайларының қызметкерлерімен Алматы қаласының еріктілері үгіт-насихат жүргізіп жатыр. 

Ал бұл жедел мақсаттағы «Оңтүстік» базасы. Мұнда апатты жағдай кезінде 50 мың адамды орналастыруға болады. Шатыр мен жатын орын жеткілікті. Құтқарушылар шартты түрде үйінді астында қалған адамдарды шығарып алып, далалық госпитальға жеткізді.

Константин Морозов, дәрігер-травматолог:

-Модульді госпиталь жағдайында жұмыс істей аламыз деп толық сеніммен айта алам. Техногендік апаттан зардап шеккен науқастарға диагностика жасап, операция жасауға мүмкіндік бар. Медициналық құрал-жабық, дәрі-дәрмек түгел жеткілікті. Бір мезгілде 4 науқасқа ота жасауға болады. Хирург, анестезиолог, ортопед сияқты мамандардың барлығы осы жерде. 

Бүгінгі оқу-жаттығу барысында өзара іс-қимылды ұйымдастыру, халықты хабардар ету, эвакуациялау, зардап шеккен тұрғындарға медициналық және психологиялық тұрғыдан көмек көрсету шаралары пысықталды. Республикалық «Жер» оқу-жаттығуы жыл сайын өтіп тұрады. Ал Алматы қаласында әр тоқсан сайын әлеуметтік нысандарда бұл денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінде әр тоқсан сайын сейсмикалық жаттығу жасалады. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон